Жиында кәріз мәселесі мен жаңа зират орны талқыланды
Алматының Думан шағын ауданында осы уақытқа дейін көтеріліп келген жол мәселесі қыркүйек айына дейін шешілетін болды. Бұл туралы Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев тұрғындармен кездесу кезінде айтты. Одан бөлек жиында кәріз мәселесі мен жаңа зират орны талқыланды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Мерей Канапиянов баяндап береді.
Думан ықшам ауданында қордаланған түйткілдер бар. Оларды жергілікті тұрғындармен талқылау үшін Медеу ауданының әкімі халықпен кездесу өткізді.
Думанда су және кәріз жүйелері осыдан бірнеше жыл бұрын салынып біткен еді. Қазір құбырдың бәрінде су бар және толықтай жұмыс жасап тұр. Бірақ, тұрғындар кәріз жүйесіне әлі қосылмаған. Істің мән-жайын түсіндіру үшін әкім кездесуге мердігерлерді де ертіп келді.
«Сондықтан осы ықшам аудан тұрғындары яғни 1100 үй осы 1-2 аптаның ішінде өз күшімен салынған кәріз қызметтеріне қосылу қажет. Яғни, одан кейін осы уақытта қалып қойса, жол біткеннен кейін мұндай жұмыстар жасалмайды», – деді Алматы Су МКК ресми өкілі Серік Шагиров.
2015 жылы жасалған жоба бойынша бастапқыда 1040 үй болған. Қазір түтін саны бір жарым мыңнан асқан. Халық көбейгендіктен, кәріз жүйесіне деген сұраныс та артып жатыр. 2019-2020 жылы жаңадан салынған үйлер бастапқыда жобаға кірмегенімен, бұл мәселе шешімін тапқан сияқты.
«Жол жасаған кезде бізге қиындық тудырып отырған мәселелер мына кәріз жүйесі. Қазіргі уақытта халыққа түсіндіріп жатырмыз. Осы мектепке бір бөлме арнадық. Алматы су мекемесінің қызметкерлері осы жерде болады. Яғни, біздің ағайындарға Темирияз-Жароков көшесіне барудың қажеті жоқ. Осы жерде құжаттарын қабылдайды, заңдастырады. Кейін суды да кәрізді де пайдалана береді. Бұл жерде әр азамат кәрізді өзі қосып алу керек», – деді Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев.
Ал, бейіт мәселесіне келетін болсақ. Бүгінгі таңда қалада 71 жерлеу қорымы бар. Оның 26-сы жабық. Енді жерлеуге арналған орындардың бірі Думан ықшам ауданында ашылмақ. Қағаз жүзінде 92 гектар аумақтың 28 гектарі қорымға арналған. Тұрғындар болса, оған наразы.
Әзірге бұл жер толықтай қоршалып біткен. Ал, іші бос тұр. Мамандардың айтуынша қаладағы адам саны күннен күнге өсіп жатқандықтан бұл жерді қорымға айналдырудан басқа амалымыз жоқ, дейді.
Думан жұртшылығы зираттың орнына салауатты өмір салтына арналған нысан салып берсе дейді. Бірақ қаладағы барлық жерлеу орындары Жетісу ауданының әкімдігіне қарайды екен. Ондағылар былай деп жауап берді.
«Бүгінгі таңда қорымның астындағы жер үкіметке қарайды. Әлі үкіметтің жері және ешқандай шешім қабылданбаған. Сондықтан халыққа айтарымыз – ешкімді жерлеп те жатқан жоқ, қойып та жатқан жоқ. Қорым әлі жабық. Алматы өзі өсіп жатыр ғой. 2 миллионнан асып жатырмыз. Енді, бәрібір қорым керек», – деді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Ернат Бәзіл.
Ал, тас жол төсемдерін абаттандыру бойынша Думан ықшам ауданының 6 көшесінде жұмыстар толық аяқталса, енді 15-сінде жалғасып жатыр. Жергілікті тұрғындар болса бәрі сәтті аяқталып, сапалы шықса екен, дейді.
«Енді көреміз мына жолды жасап жатыр қалай болатынын. Көп халықтың бәрі осы Думанда тұрып қиналып жатыр көшеден, балшықтан. Әсіресе, көктемде жауын жауған кезде. Соған орай көшенің жолын жақсылап жасап берсе екен деп ойлаймыз, – деді Думан шағын ауданының тұрғыны Назгүл Оразбаева.
Бүгінде қала әкімінің тапсырмасына сәйкес ұзындығы 27 шақырымға созылған 53 көшенің жолын қыркүйек айына дейін салып бітірмек. Одан бөлек, алдағы уақытта Думан шағын ауданының халқына тиімді болу үшін Талғар тас жолына бірден шығып кететін Аяз би, Хантәңірі, Болашақ көшелеріндегі жол қиылысының ережелері, заңдары қайта қарастырылмақ.
Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы