Биыл Алматыда 50 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Оның 30 мыңы тұрақты жұмыс орындары болса, қалғаны уақытша. Бұл туралы әлеуметтік әл-ауқат басқармасындағылар мәлімдеді. Былтыр дағдарысқа қарсы көптеген бағдарламалар іске асып, «Жұмыспен қамту жол картасы», «Еңбек» бағдарламасы бойынша шаһарда 76 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылған еді. Жұмыссыздықты жою мақсатында қолға алынған игі шаруалардың нәтижесімен Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке таныстырады.
Нариман Бекжұманұлының Алмалы ауданындағы №54-інші мектептің сейсмикалық нығайту жұмыстарына қатысып, бетон құюшы болып жүргеніне 1 жылдың жүзі болыпты. Жұмыспен қамту орталығынан жұмысқа тұруға болатыны жөнінде досы кеңес берген екен.
«Жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, БЗД бағдарламасы арқылы «Астана құрылыс» фирмасына жұмысқа кірдім. Жалақымызды уақытылы беріп жатыр. Жұмысымыз жақсы», – деді қала тұрғыны Нариман Қайықбаев.
Өткен жылы шаһарда 76 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 30 мыңы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің көмегімен жүзеге асса, 21 мыңнан астамы «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде. Одан бөлек, «Еңбек», «Бизнестің жол картасы», аймақтарды дамыту және «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылып, қол қусырып отырғандардың саны азайған.
«Мемлекеттік, жергілікті бағдарламалар бар ішінде, жеке бизнес субъектілерімен бірлесіп те жұмыс істейміз. Былтыр «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 21 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Бұл бағдарлама жалғасын табады. Оған 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылады деп жоспарлап отырмыз», – деді қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.
Сонымен қатар, екі қолға бір күрек таппай жүргендер үшін енді пандемия жағдайына ыңғайластырылып «Еңбек.кз» сайты онлайн қызмет көрсете бастады. Жұмыссыз отырған азаматтар жұмыспен қамту орталығына бармай-ақ, портал арқылы тіркеле алады.
«Пилоттық режимде онлайн жұмыспен қамту орталығына келмей жұмыссыз болып тіркелуге болады. Біздегі бар вакансияларға сол жерден направление алуға болады. Сосын әрі қарай жұмысшымен тікелей жұмыс істеуге болады. Ол үшін «Енбек.кз» сайтына кіріп, өз қаласын таңдап, оған электрондық қолтаңба керек», – деді қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.
Enbek.kz порталының пилоттық жобасы басталғалы былтырғы қарашадан бастап 1173 адам осы сайт арқылы тіркеліпті. Оның 639-ы жұмыс іздеушілер.
Сая Меңдеке, Нұрбол Әбдікәрімов, «Алматы» телеарнасы.