Алматы қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін мемлекеттік қолдау шаралары мен колледждер инфрақұрылымын дамыту туралы Алматы қаласы Білім басқармасының стратегия және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Ерік Әбішев баяндады, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Спикердің айтуынша, 2026 жылы ТжКБ жүйесінің бюджеті 53,3 млрд теңгеге жетіп, тегін оқуға қолжетімділікті кеңейтуге және студенттерді әлеуметтік қолдауды күшейтуге мүмкіндік берді.
«Техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы мемлекеттік саясат әр студенттің отбасы бюджетіне салмақ салмай, сұранысқа ие мамандықты игеруіне, сондай-ақ толыққанды білім алып, жайлы жағдайда тұруына бағытталған», – деді Ерік Әбішев.
Қазіргі таңда Алматыда 88 колледж жұмыс істейді, онда 86 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Олардың 58%-ы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында тегін оқиды. 2025 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша 17 491 студент қабылданып, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда артқан.
«Бұл әрбір жасқа отбасылық бюджетке салмақ түсірмей, сапалы кәсіптік білім алуға берілген нақты мүмкіндік. Кадр даярлау экономиканың басым салалары бойынша 131 мамандық пен 220 біліктілікті қамтиды, бұл жастардың еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді меңгеруіне жол ашады», – деді ол.
Колледждердің инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән берілген. 2025 жылы жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік колледждерді жөндеу және жабдықтауға 2,4 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар әлеуметтік серіктестердің қолдауымен төрт колледждің материалдық-техникалық базасы 538 млн теңгеге жаңартылды.
«Біз оқу корпустарын, шеберханалар мен зертханаларды кезең-кезеңімен жаңғыртып, білім беру жағдайын заманауи еңбек нарығының талаптарына сәйкестендіріп келеміз», – деді спикер.
Студенттерді жатақханамен қамту мәселесін шешу мақсатында 1 720 орынға арналған сегіз жаңа жатақхана салу жоспарланған. Сондай-ақ, 2025 жылдың соңында 120 орындық жатақханасы бар жаңа колледж пайдалануға берілді.
Оқи отырыңыз: Алматыда Халықаралық еріктілер жылы аясында 200-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған