900 млрд теңгеге жуық инвестиция: Алматының қонақ үй нарығы қарқынды дамып келеді

12.10.2026 12:19
Алматы әкімінің баспасөз қызметі

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматыдағы орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 53,1 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6%-ға артты. Бұл туралы қалалық Туризм басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаңтар-маусым айлары аралығында қаладағы қонақ үйлер мен өзге де орналастыру орындары 1,1 млн-нан астам қонақты қабылдады. Қазіргі таңда қалада туристер мен іскерлік сапармен келушілерге қызмет көрсететін 448 орналастыру нысаны жұмыс істейді.

Сонымен қатар, қаланың қонақ үй нарығы жаңа нысандармен белсенді түрде толығып келеді. Жыл басынан бері жеке инвестиция есебінен жалпы саны 1 103 нөмірге арналған 26 қонақ үй ашылды.

Бұдан бөлек, ауқымды жобалар іске асырылу және пысықталу сатысында тұр. Жалпы құны шамамен 900 млрд теңге болатын 87 қонақ үй жобасы аясында 9 590 жаңа нөмір ашу жоспарланған.

Алматыда жаңадан ашылатын және жоспарланып отырған қонақ үй жобалары бар.

Осылайша, Алматының қонақ үй секторы қазіргі көрсеткіштердің тұрақты өсімін және алдағы кезеңге жоспарланған инвестициялардың ауқымдылығын көрсетіп отыр. Жаңа жобалар қонақ үй нөмірлерінің санын арттыруға, саяхатшылардың әртүрлі санатына арналған орналастыру мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ қаланың ірі халықаралық, іскерлік және туристік іс-шараларды өткізу әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Көрсетілетін қызмет көлемінің ұлғаюы, жаңа қонақ үйлердің ашылуы және шамамен 900 млрд теңге болатын инвестициялық жобалар портфелі Алматының Орталық Азиядағы жетекші туристік және іскерлік орталықтардың бірі ретіндегі жоғары әлеуетін айқындайды.

Толық көрсету