96 алматылық бір күнде АИТВ-ға жедел тест тапсырды

26.05.2026 14:09
пресс-служба акима Алматы

Алматыдағы Арбат алаңында «Денсаулығым – өз қолымда. Менің таңдауым – қауіпсіз өмір» атты ауқымды акция өтті. Іс-шараны Алматы қалалық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы Адам репродукциясы қалалық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Мұны қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Іс-шара аясында медицина мамандары, жастар, қала тұрғындары мен қонақтары АИТВ инфекциясының, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу, сондай-ақ репродуктивтік және психоэмоционалдық денсаулықты сақтау мәселесі төңірегінде бас қосты.

Алматы қалалық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының директоры Марат Түкеевтің айтуынша, акцияның басты мақсаты – тұрғындардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауының және уақытылы тексеруден өтудің маңыздылығы жөніндегі ақпараттылық деңгейін арттыру.

Акция барысында АИТВ-ның алдын алу және инфекцияны ерте анықтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Қалаған әрбір адам АИТВ-ға тегін, құпия түрде және қажет болған жағдайда жасырын түрде жедел тест тапсыра алды. Акция кезінде 96 адам тестілеуден өтіп, нәтижесін небәрі 20 минут ішінде алды.

Мамандардың айтуынша, алматылықтардың тестілеуге деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Жыл сайын қала тұрғындарының 20 пайыздан астамы өзінің АИТВ мәртебесін анықтайды. ЖИТС орталығының медицина қызметкерлері АИТВ-ның алдын алу жөніндегі ақпаратты кеңінен насихаттау мақсатында тұрақты түрде көшпелі акциялар өткізіп, оқу орындары мен ұйымдарды аралап тұрады.

Акция аясындағы ақпараттық алаңдар негізінен жастар аудиториясына бағытталды. Қатысушылар балалар гинекологынан, уролог және эпидемиологтан тегін кеңес алды.

Адам репродукциясы қалалық орталығының директоры Гаухар Көшкімбаеваның айтуынша, дәрігерлер жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алудың заманауи тәсілдері, тұрақты медициналық тексерулерден өтудің және ауруларды ерте анықтаудың маңыздылығы, сондай-ақ жасөспірім кезден бастап денсаулыққа қарау мәдениетін қалыптастыру туралы түсіндірді.

Қонақтар үшін викториналар, тақырыптық сауалнамалар және ақпараттық материалдар таратылатын интерактивті аймақтар ұйымдастырылды. Қатысушылар салауатты өмір салты, АИТВ-ның алдын алу және психоэмоционалдық денсаулықты сақтау мәселелерін белсенді талқылады.

Мамандардың пікірінше, халықты ашық ақпараттандыру және тестілеудің қолжетімді болуы - АИТВ инфекциясының алдын алудағы ең тиімді құралдардың бірі. Осындай акцияларды қоғамдық орындарда өткізу медициналық көмек пен кеңесті тұрғындарға барынша қолжетімді етіп, қоғамдық денсаулықты нығайтуға ықпал етеді.

Оқи отырыңыз: Алматы тау кластері кәсіпкерлікке жаңа серпін береді