Абай даңғылы ҮАААЖ-ға дейін қашан ұзартылады

05.10.2026 20:11

Мегаполисте Жұбанов, Солтүстік айналма жолы, Хмельницкий және Мұқанов көшелері де  ұзартылады

Алматылық жүргізушілер көптен күткен жол жақында ашылады. Абай даңғылы мен Саин көшесін Үлкен Алматы айналма жолына дейін ұзарту жыл соңына дейін аяқталмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Қазір құрылысшылар ондағы негізгі жұмыстарды пысықтап, инженерлік желілерді көшіріп жатыр. Қала әкімі Алматы мен облысты жалғап, көлік қозғалысын жеңілдететін жаңа жол құрылысының қарқынын тексерді. Мұндағы учаскенің жалпы ұзындығы - 3,2 шақырым.

«Қазір жолдың жоғарғы негізгі қабатын, яғни ірі түйіршікті асфальтбетон қоспасын төсеп жатырмыз. Одан кейін негізін жасап, жол жиектастарын орнатамыз. Жоспар бойынша жуырда Райымбек елдімекеніне дейін жол жабындысын төсеп, көлік қозғалысын ашуды көздеп отырмыз», – деді мердігер компания өкілі Роман Кодаков.

Мегаполисте бұдан бөлек Жұбанов, Солтүстік айналма жолы, Хмельницкий және Мұқанов көшелерін ұзарту жобалары да қолға алынған. Аталған нысандарда құрылыс басталмас бұрын жер телімдерін сатып алу және инженерлік желілерді көшіру мәселелері шешілуі тиіс. Әкім шаруаны жеделдетуді тапсырды. Өйткені көлік саны көбейген сайын, қолданыстағы жолдарға түсетін салмақ та артып келеді. Аралау аясында қала басшысы жауаптыларға жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды

«Сіздер жұмысты маусымның соңына дейін аяқтаймыз деп уәде бердіңіздер. Қазір қазан болды. Ақша бар. Ортақ жұмыс. Облыс, қала деп бөліп жатқан жоқпыз. Тұрғындарға жағдай жасап берсек болды. Бұл – Президентіміздің тапсырмасы», – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

Оқи отырыңыз: Еліміздегі жергілікті жолдардың сапасын арттыру шаралары қаралды

Толық көрсету