Алматыда 2-ЖЭО-ны газға көшіру жұмыстары 94%-ға орындалды

12.09.2026 19:06
instagram.com/darkhan_satybaldy_official

Алматыдағы 2-ЖЭО-ны көмірден газға көшіру жобасы жоспарға сай жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Жоба аясында станциядағы қуат көздері газға көшіріліп, жаңа газ станциясы салынып жатыр. Әкімнің айтуынша, 2-ЖЭО-ны газға ауыстыру нәтижесінде зиянды шығарындылар көлемін 90 пайыздан астамға азайтуға мүмкіндік туады. Яғни, жылына шамамен 37 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін төмендейді.

Бұл өз кезегінде Алматыдағы ауа сапасын жақсартуға және тұманның пайда болуына әсер ететін ластаушы заттардың көлемін едәуір азайтуға ықпал етеді.

Қазіргі таңда жобаның негізгі жұмыстарының басым бөлігі орындалған. Консорциум өкілдерінің мәліметінше, қажетті жабдықтардың 99 пайызы жеткізілген. Станцияда генераторлармен бірге үш газ турбиналық қондырғы және төрт су жылыту қазандығы орнатылған.

Сонымен қатар, кәдеге жарату қазандықтарын монтаждау жұмыстары жалғасып жатыр.

Жалпы, жаңа газ станциясының құрылысы 94 пайызға дайын. Алдағы уақытта іске қосу-баптау жұмыстары басталып, оларды жылыту маусымына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Жобаның Алматы үшін маңызы зор. 2-ЖЭО-ның газға көшуі қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, қаланың энергетика саласын экологиялық тұрғыдан жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Толық көрсету