Алматы әкімі қаланы дамыту басымдықтарын айқындады

02.02.2026 10:45
пресс-служба акима Алматы

Алматы мәслихатының сессиясында қала әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғаны туралы депутаттарға айтты. Кездесу барысында Алматының одан әрі дамуына қатысты нақты тапсырма берілгеніне тоқталды. Сондай-ақ, Президентке қаланың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы баяндалып, алдағы жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Басым бағыттардың қатарында экономиканы әртараптандыру, экологиялық ахуалды жақсарту, тұрақты көлік және туристік инфрақұрылымды дамыту, жайлы қалалық орта қалыптастыру және тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыру бар.

Алматы әкімі қойылған міндеттерді жүзеге асыру жұмыстары депутаттық корпуспен тығыз өзара іс-қимыл негізінде жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүргізілетінін атап өтті.

Сессия барысында елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформа мәселесіне де баса назар аударылды.

«Ұсынылып отырған Конституция жобасы Қазақстанның заманауи келбетін айқындайды, халық билігін нығайтады, құқық пен бостандықты қорғау тетіктерін жетілдіреді, сондай-ақ ашық әрі тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қамтамасыз ететін жаңа институттардың негізін қалайды», — деді Дархан Сатыбалды.

Ол конституциялық реформаларды қолдау - елдің болашағы мен келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік екенін атап, депутаттарды халық арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуге шақырды.

Оқи отырыңыз: «Шапағат» орталығының қызмет алушылары «У Михалыча» демалыс орталығына барды