Алматы әкімі Испания Елшісімен инвестициялық және туристік ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады

03.06.2026 15:06
пресс-служба акима Алматы

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтеспен кездесті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Испания арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен даму мүмкіндіктерін, сауда-экономикалық байланысты кеңейту, инвестиция тарту, сондай-ақ туризм, қонақ үй бизнесі, спорт және қалалық даму салаласындағы өзара іс-қимыл жайын талқылады.

Дархан Сатыбалды Испанияның Қазақстанның Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 1,93 млрд АҚШ доллары болды. Бүгінде Алматыда құрылыс, білім беру, ғылым және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін испан капиталы бар 28 кәсіпорын тіркелген.

Кездесуде туристік саланы дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қала әкімі Алматы тау кластері жобаларын іске асыру, «Шымбұлақ» тау курортының инфрақұрылымын кеңейту және 2029 жылғы Қысқы Азия ойындарын өткізуге дайындық жұмыстары туралы айтты. Осыған байланысты тараптар тау курорттары мен туристік бағыттарды дамытудағы испан тәжірибесін пайдалану мүмкіндігін талқылады.

Күн тәртібіндегі маңызды жайлардың бірі испаниялық Barceló Hotel Group компаниясымен ынтымақтастық болды. Компания өкілдері Қазақстанда қонақүй жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық танытса, қала басшысы Алматыда сапалы қонақ үй нысандарына сұраныс жоғары екенін және туристік маусым кезінде қонақ үйлердің жүктемесі айтарлықтай артатынын жеткізді.

Кездесу барысында испан бизнесінің Алматыдағы ірі инвестициялық жобаларға қатысу мүмкіндіктері де сөз болды. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланысты дамыту, спорт саласындағы әріптестікті нығайту және Atlético de Madrid Academy Kazakhstan футбол академиясының жұмысы талқыланды.

Кездесу қорытындысында тараптар Алматы мен Испания арасындағы инвестициялық, экономикалық және мәдени байланысты одан әрі дамытуға, сондай-ақ жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін білдірді.

Оқи отырыңыз:  Алматыда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеді