Алматы әкімі қаланың шағын өнеркәсіптік парктерінің жұмысын бағамдады

21.07.2026 19:50

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында Алатау ауданындағы Алматы индустриялық аймағында орналасқан шағын өнеркәсіптік парктердің қызметімен танысты, - деп хабарлайды  Аlmaty.tv 

Шаһар басшысы ALAESTATE-3, NN Stroy KZ және Almaty Building & Co өнеркәсіптік парктерін аралап көрді. Аталған алаңдарда жеңіл және тамақ өнеркәсібі бағытындағы өндірістер шоғырланған. Мұнда қаптама өнімдері, кеңсе қағазы, арнайы аяқ киім, тоқыма бұйымдары, еттен дайындалатын жартылай фабрикаттар, нан-тоқаш өнімдері және басқа да тауарлар өндіріледі.

Өнеркәсіптік парктер мен резидент кәсіпорындардың басшылары жүзеге асырылған жобаларды, өндірістік әлеуетті, шығарылатын өнім түрлерін таныстырып, өндірісті одан әрі дамыту және кеңейту жоспары жөнінде баяндады.

Дархан Сатыбалды шағын өнеркәсіптік парктерді дамыту Алматы экономикасын әртараптандырудың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Мұндай өндірістік алаңдар шағын және орта бизнестің дамуына, өндірістерді жергіліктендіруге, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінде Индустриялық аймақ аумағында 70 шағын өнеркәсіптік паркті іске асыру көзделген. Оның 22-сі пайдалануға берілсе, 48 жоба жүзеге асырудың түрлі кезеңінде. 

Жұмыс сапары барысында қала әкімі Индустриялық аймаққа жаңа өндірістерді тарту, инженерлік инфрақұрылымды одан әрі дамыту және отандық өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастыруды тапсырды.

«Біз гидропоника әдісімен балғын көк шөп өсіреміз. Бұл кәсіпті 2019 жылы Алматының басқа бөлігінде бастаған едік. Ал 2024 жылы осы жерге көшіп, өндіріс көлемін кеңейттік. Қазір айына 20 мың түпке дейін өнім шығарамыз», – деді кәсіпкер Ульяна Савченко.

«Мұнда өндіріс жақсы қарқынмен дамып келеді. Қазір көптеген нысан кәсіпкерлерге жалға беріліп жатыр. Меніңше, бұл тәжірибені Алматыда ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де қолдануға болады. Жалпы, индустриялық аймақ – шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен мүмкіндік беретін тиімді жоба», – деді шағын өнеркәсіптік парк директоры Қайрат Кәрібайұлы.

Жұмыс сапарының соңында Дархан Сатыбалды өнеркәсіптік инфрақұрылымды одан әрі дамыту және өндірістік кәсіпкерлікті қолдау қаланың тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етудегі маңызды міндеттердің бірі болып қала беретінін айтты.

Оқи отырыңыз:  Алматыда қауын-қарбыздағы нитрат мөлшері анықталды