Алматы әкімі Есентай өзеніндегі жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы мен жағалауды жаңғырту жұмыстарын тексерді

30.07.2026 17:22

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында әл-Фараби даңғылы бойындағы Есентай өзені арқылы өтетін велосипед және жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің құрылысымен, сондай-ақ өзен жағалауын жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты, - деп хабарлайды  Аlmaty.tv.

Қала әкімдігінің мәліметінше, көпірдің әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағындағы бөлігі толық аяқталған. Солтүстік бөліктегі құрылыс жұмыстарын алдағы бір апта ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Одан кейін инженерлік желілерді қайта орналастыру және оған іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қатар қала әкімі әл-Фараби даңғылынан Рысқұлов даңғылына дейінгі аралықтағы Есентай өзені жағалауын жаңғырту жобасының жүзеге асырылу барысын тексерді.

Жоба демеушілердің қаражаты есебінен іске асырылуда. Оның аясында гидротехникалық құрылыстар қалпына келтіріліп, өзен арнасы тазартылып жатыр. Сондай-ақ темірбетон конструкцияларын жөндеу, жаңа қоршаулар орнату, жаяу жүргіншілер көпірлерін салу, тротуар плиталарын төсеу және аумақты көгалдандыру жұмыстары көзделген.

Қазіргі уақытта жобаның шамамен 50 пайызы орындалған.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Дархан Сатыбалды жауапты тұлғаларға құрылыс қарқынын күшейтіп, жұмыстардың сапасын сақтай отырып, негізгі жұмыстарды осы құрылыс маусымында аяқтауды тапсырды.

Оқи отырыңыз:  Алматы мен Түркияның әуе қатынасы кеңейіп келеді: Измир қаласына тікелей рейс ашылды