Алматы әкімі абайтанушы Базарбек Атығайға Қазақстан Президенттің құттықтау хатын табыстады

15.08.2025 10:40

Қала әкімі ғалымға зор денсаулық, отбасына амандық, ісіне береке және шығармашылық табыс тіледі

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев абайтанушы-ғалым Базарбек Атығайға хәкімнің 180 жылдық мерейтойына орай шығарған ғылыми еңбектері үшін алғыс айтты. Туындылардың авторына Мемлекет басшысының құттықтау хатын Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көрнекті абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандитаты, «Алматы» телеарнасы бас директорының орынбасары Базарбек Атығай биыл кемеңгер тұлға Абайдың 180 жылдық мерейтойына арнап 3 кітап шығарды. Бұған дейін де ел мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан зерттеуші күні кеше ғылыми еңбектері үшін мемлекет басшысының құттықтау хатын алды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Құрметті Базарбек Қайырбекұлы! Маған жолдаған кітаптарыңызбен танысып шықтым. Абай – төл мәдениетіміз бен әдебиетімізді жаңа деңгейге көтерген кемеңгер тұлға. Оның салған сара жолын лайықты жалғастырып, ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан халқымыздың біртуар перзенттері аз емес. Ұлы ойшылдың да, шәкірттерінің де шығармашылығын терең зерделеп, жан-жақты дәріптеу – ұлт болашағы үшін өте маңызды. Абайдың 180 жылдығын атап өтудің түпкі мәні де – осы. Еңбегіңіз үшін алғыс айтамын! Өзіңізге шығармашылық табыс тілеймін!»

Хәкімнің жүріп өткен жолын көпке көптен бері дәріптеп келе жатқан ғалымның 180 жылдыққа арнаған алғашқы кітабы - «Абайдың аударма мектебі». Ғылыми еңбекте Шәкәрім, Әсет пен Уәйіс, Тұрағұл мен Даниялдың көркем тәржімаларына теориялық, текстологиялық жан-жақты талдау жасалған. Ал тұсауы кесілген екінші «Шейіт» кітабы қазақтың философ ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы өмірінің соңғы кезеңіне арналыпты.

«Архив қорларында Шәкәрімнің өзін көзімен көрген жүздеген адамның естелігі сақталып қалған. Солардың барлығын салыстыра отырып, Шәкәрімнің өмірінің соңғы кезеңіне байланысты журналистік зерттеу жанрында кітапты жазып шықтық. «Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді» деген Абайдың жақсы бір сөзі бар. Осы Абайдың 180 жылдығы қарсаңында осы еңбектерді дайындадым», – деді абайтанушы ғалым Базарбек Атығай

Үшінші кітапта қазақтан шыққан тұңғыш қаржыгер, ағартушы Даниял Ысқақовтың мұрасы топтастырылған. Жинақта біртуар азаматтың аударма ісіне қосқан үлесі айтылады. Туындының мазмұнына сын мақаласы да қосылған. Бір атап өтерлігі, Даниял Ысқақовтың әдеби мұрасы алғаш рет жарыққа шығып отыр.

«Ұлы кемеңгердің мерейтойына қандай тарту жасаймыз, өз үлесімізді қалай қосамыз?» деп ойланған кезде, Базарбек ағамыздың сандығында жатқан дүниелердің бар екенін естідік. Базарбек ағамен бұрыннан араласамыз, сөйтсем ол кісінің қолында Даниал Ысқақовтың шығармалары бар екен. Бұл – үлкен қазақ руханиятына жасалған олжа», – деді ақын, «Абай» баспасының директоры Ақберен Елгезек.

Абай көшесінің бойында, Абай атауы берілген ғимаратта Абайға арналған 3 кітаптың таныстырылымы өтті. Іс-шараға жиналған көпшілік хәкім әнін әуелетті, өлеңдерін оқыды. Осылайша, қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы ұлы Абай рухына тағзым іспетті жақсы шара өтті.

 Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Базарбек Атығаевты «Құрмет» орденімен марапаттады