Алматы әкімдігі алданған жүздеген үлескердің қаражатын қайтаруға көмектесті
Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен құрылған үлестік қатысу мәселесі жөніндегі ведомствоаралық комиссия бірнеше тұрғын үй кешені үлескерлердің мүддесін қорғау бағытында жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Атап айтқанда, Esentai City тұрғынүй кешенінің жылжымайтын мүлкіне салынған тыйымды алып тастау және құрылысты жалғастыру мәселесі шешімін тапты. Ал «Достар Делюкс» тұрғынүй кешенінің үлескерлеріне келтірілген залалды өтеу тетігі меншік иелерінің бастамашыл тобына ұсынылды.
Monblanc тұрғынүй кешенінің құрылысын жалғастыруға ниетті инвестор табылды. Ол жер телімін сатып алып, үлескерлердің шығынын өтеуге дайын. Қазір инвестор мен үлескерлер арасында тиісті келісім әзірленіп жатыр.
Заңсыз салынған Pine Hill және Sky Club тұрғынүй кешендерінің құрылыс салушыларына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ведомствоаралық комиссия инвестормен келісімге келген. Жер телімдеріне салынған тыйым алынып, жоғалған құжаттар қалпына келтірілгеннен кейін учаскелер инвесторға беріледі. Осыдан соң ол үлескерлер алдындағы берешекті өтеу міндеттемесін мойнына алады.
Қазір комиссия Швейцария, Silver Hills және басқа да проблемалық тұрғынүй кешенінің үлескерлеріне қатысты мәселелерді шешу жолдарын қарастырып жатыр. Бұл нысандар бойынша қылмыстық істерді тергеудің аяқталуы күтіліп отыр.
Қала басшысы бекіткен ведомствоаралық комиссияның құрамына құқық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да мемлекеттік мекемелердің өкілдері енген.
Бұған дейін қалалық мәслихат отырысында Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Олжас Төлебаев проблемалық тұрғынүй кешендеріне қатысты комиссия жұмысының тәртібін түсіндірген болатын.
«Әрбір проблемалық нысан бойынша құрылысты аяқтаудың нақты тетігі бекітіліп, оператор мен іске асыру мерзімі айқындалады. Комиссия шешімі іске тартылған барлық мемлекеттік орган үшін міндетті болады. Бұл ұзаққа созылатын келісу рәсімдерін қысқартып, нақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Яғни, құрылысты аяқтау немесе үлескерлерге көмектесудің балама жолдарын ұсыну мәселесі шешіледі», — деді басқарма басшысы.
Бастапқы нарықтан жылжымайтын мүлік сатып алмас бұрын құрылыс салушының барлық қажетті құжаты бар екеніне көз жеткізуді сұраймыз.
Жұмыс уақыты: дүйсенбі-жұма, сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін.