Алатау ауданындағы өзгерістер: 43 жоба жүзеге асып, жаңа жолдар мен демалыс аймақтары салынуда

Бұл бастамаларды іске қосуға қазынадан 2,5 миллиард теңге бөлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматы қаласының Алатау ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 43 жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл бастамаларды іске қосуға қазынадан 2,5 миллиард теңге бөлінген. Аудан әкімі Данияр Қырықбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта барлық жоба бойынша белсенді түрде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Негізгі бағыттардың бірі – шағынаудандардағы қоғамдық кеңістіктер мен жаяу жүргіншілер аймағын жаңарту.

«Ең ірі жобамыз қазір Атлеттер ауылының артында жүзеге асуда. Сол аумақты абаттандырып, аудандағы ең үлкен ойын алаңын салып жатырмыз. Сонымен қатар ағаштар, көгал мен гүлдер отырғызылды. Бұл – халық көп шоғырланатын, адамдар жиі баратын орын болғандықтан, ерекше мән бердік. Жобаны осы айдың соңы немесе келесі айдың басында толық аяқтаймыз», – деді Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев.

Бұдан бөлек, «Алатау» дәстүрлі өнер театры толыққанды жөндеуден өтіп, көрермендер залы, кіреберісі мен сыртқы келбеті жаңа кейіпке енді.

Жол инфрақұрылымы мен абаттандыру жұмыстары

Ауданда жол желісі де қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда Рысқұлов даңғылында тағы 2,3 шақырым, ал Тілендиев көшесінде 10 километрден астам жаңа жол салынуда. Жалпы биыл 90 шақырымнан астам жаңа жолдың құрылысы басталды. Бұдан бөлек, 95 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланса, бүгінде соның 47 шақырымы жөнделіп үлгерді. Сондай-ақ ауданда қосымша 3 мың шаршы метр тротуарды абаттандыру қолға алынды.

«Рахат, Мәдениет, Боралдай және Теректі шағынауданында жалпы ұзындығы 78 шақырым болатын жаңа жолдың құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда Боралдай мен Рахат шағынаудандарындағы жұмыстар 90–95 пайызға аяқталды. Ал Теректі шағынауданында негізгі дайындық жұмыстары жүргізіліп, асфальт жамылғысының бірінші қабатын салуға дайындық қызу жүріп жатыр», – деді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Ертіс Бесіров.