Алматыда жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалімнің жаңа бейнесі талқыланды
Семинарда педагогтер өз пікірімен алмасты
Алматыда ғалымдар мен педагогтер жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалімнің жаңа бейнесін талқылады. Қалалық ғылыми-әдістемелік семинарға шаһардың әр ауданынан 60 жас маман қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Басқосуда жаңа технологияның білім беру жүйесіне ықпалы, ұстаздың өзгермелі кәсіби рөлі мен академиялық адалдық мәселелері кеңінен сөз болды. Сондай-ақ қатысушылар «Жасанды интеллект мұғалімге бәсекелес пе, әлде кәсіби мүмкіндігін кеңейтетін құрал ма?» деген сауал төңірегінде пікір алмасты. Тәжірибелік сабақта геометрия мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін ұштастыру тәсілдері көрсетіліп, ғалымдар жас педагогтермен өз тәжірибесімен бөлісті.
«Жасанды интеллектіні қолданудың да белгілі бір мәдениеті болуы керек. Қанша дегенмен «мұғалімді алмастыра ала ма?» деген сұраққа қатысты жауап қазіргі күнде барлық білім беру саласы өкілдерінің тарапынан айқындалып отыр. Себебі жасанды интеллект көмегімен берілген ақпаратты ой елегінен өткізу, талдау, оған салыстырмалы түрде көзқарас білдіру, фактілерге назар аудару, жалпы ақпараттың дұрыстығы деген мәселеге келген кезде, мұғалімнің орнын ешбір технология алмастыра алмайды», – деді Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Дәурен Сағынғалиев.
Жиында заманауи құралдарды тиімді пайдалану жолдары да сөз болды.
«Жасанды интеллект – ақпарат алушы және уақытты үнемдейтін көмекші құрал. Оны қолдануда ең бірінші мұғалімнің біліктілігі, одан кейін балалар деректерінің қауіпсіздігі және ұстаздың цифрлық сауаттылығы өте қажет», – деді Ш. Уәлиханов атындағы № 12 мамандандырылған гимназияның директоры Айымгүл Иманғалиева.