Алмасхан Сматлаев: Алматы жекелеген жұмыстардан кешенді шешімдерге көшті

06.02.2026 16:35
пресс-служба акима Алматы

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев көркейту жұмыстары кезіндегі уақытша шектеулердің себептері мен қаланың кешенді көріктендіру форматына көшуі туралы айтты. Ол «Біз – Алматы» бағдарламасының жүзеге асырылу барысына тоқталды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Оның айтуынша, қалалық ортаны жаңғырту – жекелеген учаскелерді ретке келтіру немесе үстірт жөндеу емес. Бұл көшелерді, қоғамдық кеңістіктерді және инженерлік инфрақұрылымды қатар қамтитын ауқымды жұмыс.

«Қаладағы кез келген ірі өзгеріс уақытша қолайсыздықсыз болмайды. Бұл сапалы әрі ұзақ мерзімді нәтижеге жету үшін қажетті кезең», – деді ол.

Бағдарлама тұтас көзқарас қағидатына негізделген. Яғни, бір аумақта бір мезетте кеңістіктің қолайлылығы, қауіпсіздігі, қозғалысқа ыңғайлылығы және көгалдандыру мәселесі қатар шешіледі. Мұндай тәсіл бөлшектенген шешімдер мен бір жерді қайта-қайта жөндеудің алдын алады.

Алмасхан Сматлаев қала саналы түрде жекелеген көріктендіруден бас тартып, ұзақ мерзімге бағытталған жүйелі шешімдерге көшкенін атап өтті. 

«Біз бытыраңқы жобалар тәжірибесінен бас тарттық. Ендігі міндет – қалалық ортаның бірыңғай стандарттарын бірден қалыптастыру. Бұл өзгерістің ұзақ жыл бойы тиімді қызмет етуіне мүмкіндік береді», – деді қала әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, жобаларды жоспарлау барысында көлік ағыны, құрылыс тығыздығы және маңайдағы тұрғындардың мүддесі ескерілетіні айтылды. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, мерзімі мен сапасына салалық басқармалар мен аудан әкімдіктері тұрақты бақылау жасайды.

Әкім орынбасары үшін жобаларды жүзеге асырумен қатар, жүргізіліп жатқан өзгерістердің тұрғындарға түсінікті болуы да маңызды екенін жеткізді.

«Біздің мақсат – сыртқы әсер ғана емес, күнделікті өмірді шын мәнінде жақсартатын, қолайлы әрі болжамды қалалық орта қалыптастыру», – деп сөзін түйіндеді Алмасхан Сматлаев.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев қаланың өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің дайындығын тексерді