Алматылықтарға тұрмыстық газды қауіпсіз пайдалану ережелері туралы ескертілді

05.03.2026 15:18
пресс-служба акима Алматы

Алматыда тұрғындарға тұрмыстық газ жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі туралы ескертілді. Ақпаратты қалалық Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері төтенше жағдайдың алдын алу және халықтың қауіпсіздігін арттыру мақсатында таратып отыр, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Тұрмыстық газ жабдықтары жоғары қауіп көздеріне жатады. Пайдалану ережелерін бұзу өртке, жарылысқа немесе көміртегі тотығымен улануға әкелуі мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік талаптарын сақтау – әрбір газ тұтынушының міндеті.

Мамандардың айтуынша, газдың шығуы мен жарылыстардың басым бөлігі газ плиталары мен баллондарды дұрыс пайдаланбаудан, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету шартының болмауынан туындайды. Газ құрылғыларының жарамды техникалық жай-күйін қамтамасыз ету – қауіпсіз пайдаланудың негізгі шарты.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес газ тұтыну жүйелерінің иелері олардың техникалық жарамдылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ арнаулы ұйымдармен техникалық қызмет көрсету туралы шарт жасасуға міндетті.

Сонымен қатар қолданыстағы нормаларға сәйкес екі қабаттан жоғары көппәтерлі тұрғын үйлерде сұйытылған газ баллондарын сақтауға және пайдалануға, сондай-ақ оларды автогаз құю станцияларында толтыруға тыйым салынады. Қауіпсіздік талаптарын бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Басқарма қалада төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Жыл сайын Алматының Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп әлеуметтік инфрақұрылым нысандарында қысыммен жұмыс істейтін газ жабдықтарын, қазандықтарды, баллондар мен ыдыстарды қауіпсіз пайдалану бойынша насихат айлығы ұйымдастырылады.

Іс-шаралар барысында базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, автономды қазандықтары бар тұрғын үй кешендері, әкімшілік ғимараттар, жеке үйлер, жатақханалар және қоғамдық тамақтану нысандары тексеріледі. Тексеруге ТЖД аудандық бөлімшелері, әкімдіктер, газ техникалық қызметтері, полиция департаменті және еріктілер тартылады.

Көшпелі іс-шаралар кезінде тұрғындар мен кәсіпкерлерге газ тұтыну жүйелері мен жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптары, сондай-ақ заңнамада көзделген жауапкершілік түсіндіріледі.

Жылыту маусымы басталар алдында әлеуметтік осал топтардың үйлеріне көміртегі тотығы мен табиғи газ датчиктері, сондай-ақ өрт хабарлағыштары орнатылады. Сонымен қатар мамандар бұрын орнатылған құрылғылардың жарамдығын тексереді. Бұл іс-шаралар қалада ТЖД, Полиция департаментінің өкілдерімен және еріктілермен бірлесіп өткізіледі.  

Мамандар тұрғындарға негізгі қауіпсіздік ережелерін еске салады. Газды қоспас бұрын мұржа мен желдету арналарының тартқышын тексеріп, газ иісінің жоқтығына көз жеткізу және бөлмеге таза ауа кіргізу қажет. Газ құрылғылары жұмыс істеп тұрған кезде оларды қараусыз қалдыруға және газ плитасын бөлмені жылыту үшін пайдалануға болмайды. 

Газ иісі анықталған жағдайда газ беруді дереу тоқтатып, терезелер мен есіктерді ашу, электр құралдарын қоспау және ашық отты пайдаланбау қажет. Бұдан кейін ғимараттан шығып, 104 нөмірі бойынша апаттық газ қызметіне хабарласу керек.

Мамандар газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету мен тексеруді тек арнаулы ұйымдар жүргізуге тиіс екенін атап өтті. Осы талаптарды сақтау төтенше жағдайдың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: «Бір ауыл – бір өнім» жобасы арқылы Алматыда қанша әйел бизнес бастады