Алматыда «Almaty Business – 2030» өңірлік бағдарламасы аясында кәсіпкерлер шағын және микробизнесті дамыту үшін жылдық 6% немесе 9% мөлшерлемемен (ЖТСМ) жеңілдетілген несие ала алады, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қаржыландыруды «Алматы» ӘКК-нің еншілес ұйымы – «Almaty» микроқаржы ұйымы жүзеге асырады.
Бір қарыз алушыға берілетін несиенің ең жоғары сомасы – 86,5 млн теңгеге дейін. Инвестициялық мақсаттарға берілетін несиенің мерзімі – 7 жылға дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға – 3 жылға дейін.
Жылдық 6% мөлшерлемемен (ЖТСМ – жылдық 6,2%-дан 6,6%-ға дейін) берілетін несиелер арнайы салық режимін (ӘОСА) қолданатын кәсіпкерлерге, әлеуметтік кәсіпкерлерге, Алматы индустриялық аймағы мен шағын өнеркәсіп парктерінің резиденттеріне, сондай-ақ шағын өнеркәсіп парктерін салу, жәрмеңкелер, гастрокөшелер, креативті хабтар мен коворкинг орталықтарын ұйымдастыру, креативті индустрияны дамыту және инновациялық бизнеске арналған инфрақұрылым құру жобаларын іске асыруға ұсынылады.
Жылдық 9% мөлшерлемемен (ЖТСМ – жылдық 9,5%-дан 9,9%-ға дейін) шағын және орта бизнестің өзге жобалары қаржыландырылады.
Бағдарламада айқындалған басым салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлер жеңілдетілген несие ала алады. Олардың қатарында өндіріс, өңдеу өнеркәсібі, туризм, уақытша орналастыру қызметтері, креативті және IT-индустрия, мектепке дейінгі білім беру салалары бар.
Бұдан бөлек, гастрокөшелерді дамыту, Алматы тау кластерін дамыту және бірегей тұжырымдамасы бар нысандарды, оның ішінде ұлттық тағам ұсынатын мейрамханаларды ашу аясында қоғамдық тамақтану саласында жүзеге асырылатын жобалар да бағдарламаға енгізілген.
Бағдарламаға қатысудың негізгі талаптарының бірі – кәсіпкерлік қызметті Алматы қаласының аумағында жүргізу.
Жеңілдетілген несиелеу шарттары туралы толық ақпаратты +7 (727) 390-80-42 телефоны арқылы немесе mfoalmaty.kz сайтынан алуға болады.
Оқи отырыңыз: Алматыда ALMA LOVE фестивалі аясында Avenue Talent шығармашылық жобасы өтті