Алматы студенттер лигасы: 2025–2026 маусымының көктемгі кезеңі жалғасуда

13.02.2026 16:32
пресс-служба акима Алматы

Алматыда 14–15 ақпан күндері Алматы студенттер лигасының көктемгі кезеңі аясындағы ойындар басталады. Тур барысында баскетбол және футбол матчтары өтеді. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері айтты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Баскетбол ойындары Қарасай батыр көшесі, 95 мекенжайында орналасқан ҚазҰУ-дың спорт залында ұйымдастырылады. Футбол матчтары Сәтбаев көшесі, 6Б мекенжайында өтеді.

Басқарма мәліметінше, 2025–2026 маусымы шешуші кезеңге аяқ басты. Күзгі кезең толық аяқталып, командалар турнирлік кестедегі қорытынды орындар үшін тартысты жалғастыруда.

Биылғы маусымда қаладағы 35 жоғары оқу орнынан 108 команда бақ сынауда. Жарыс футбол (11х11), волейбол және баскетбол бағыттары бойынша өтеді. Ойындар айналмалы жүйе негізінде ұйымдастырылған — әр команда өз дивизионындағы барлық қарсыластарымен кездеседі.

Спорт басқармасында атап өткендей, көктемгі кезең қорытындысы бойынша маусым чемпиондары анықталады. Қорытынды орындар екі кезеңде жиналған ұпайдың жиынтығы арқылы белгіленеді.

Барлық бағыт бойынша студенттердің қатысуы тегін. Жарысты ұйымдастыру және үйлестіру цифрлық платформалар арқылы жүзеге асырылады:
avsl.kz — волейбол,
afsl.kz — футбол,
asbl.kz — баскетбол.

Барлық матч лиганың ресми YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.

Көктемгі кезең — бұл жоғары бәсеке, барынша шоғырлану және соңғы турға дейін жалғасатын чемпиондық үшін күрес. Дәл қазір әр ойын маусымның қорытынды нәтижесіне тікелей ықпал етеді.

Оқи отырыңыз: Алматы командасы Central Asia FIRST Championship 2026 турнирінде ең жоғары марапатқа ие болды