Алматылық боксшылар Венгриядағы халықаралық турнирдің жүлдегері атанды

02.06.2026 17:53
пресс-служба акима Алматы

Венгрияның Эгер қаласында Халықаралық World Boxing федерациясының қолдауымен дәстүрлі «Иштван Борнемисса мемориалы» халықаралық бокс турнирі аяқталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Айтулы жарысқа әлемнің 24 елінен 500-ден астам спортшы қатысты. Турнир қорытындысы бойынша Қазақстанның жастар құрамасы (U-19) командалық есепте бірінші орын алып, 15 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 6 алтын, 6 күміс және 3 қола жүлде бар. Ұлттық құраманың бас бапкері, Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жарыстың үздік жаттықтырушысы атанды.

Қазақстан құрамасының сәтті өнер көрсетуіне алматылық спортшылар да қомақты үлес қосты. 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Әділ Асқанбай турнир жеңімпазы атанды. 90 келіге дейінгі салмақта Еркетаң Жарқынбек күміс жүлдеге ие болса, 55 келіге дейінгі салмақта Едіге Нұрғожа қола медаль жеңіп алды.

Оқи отырыңыз: Алматыда жүргізушілер LEZ аймағына кірген кезде пилоттық режимде push-хабарлама ала бастайды