Алматы студенттері Республика күніне орай «Менің Қазақстаным!» республикалық акциясын бастады
25 қазан – Республика күні қарсаңында Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің (QyzPU) студенттері «Менің Қазақстаным!» акциясын бастады. Қатысушылар бірігіп «Атамекен» әнін орындап, эстафетаны Қазақстанның өзге жоғары оқу орындарына жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шара «Республика және Конституция: жауапты азамат – қуатты мемлекет» атты зияткерлік-ағартушылық апталық аясында өтті. Бастаманың мақсаты – еліміздің әр өңіріндегі жастарды Республика күнін мерекелеуге тарту.
«Бұл еліміздің тәуелсіздігі мен бірлігін, ұлттық рухын дәріптейтін ерекше мереке. Тәуелсіз Қазақстан өркендеп, болашағы жарқын болсын!» – деді университет студенттері.
Эстафетаны жалғастыру ALT University мен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің студенттеріне ұсынылды. Олар акцияға қосылып, бастаманы өзге жоғары оқу орындарына жолдай алады.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл бастама еліміздің әр қаласындағы студенттердің бір арнаға тоғысып, Республика күнін бірге атап өтуіне жол ашады.