Қытайдың Циндао қаласында өтіп жатқан Qingdao Grand Prix 2026 халықаралық турнирінде алматылық спортшы, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медаль жеңіп алды. Бұл туралы Алматы қаласының Спорт басқармасының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Дүбірлі додаға әлемнің 58 елінен 500-ден астам спортшы қатысуда.
Финалға дейін Ғұсман Қырғызбаев Моңғолия, Черногория, Әзірбайжан және Бразилия спортшыларын жеңіп шықты.
Финалдық белдесуде қазақстандық дзюдошы Жапонияның екі дүркін Олимпиада чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы Хифуми Абэмен күш сынасты. Тартысты белдесу қорытындысы бойынша алматылық спортшы турнирдің күміс жүлдегері атанды.
Бұл жүлде Қазақстан құрамасының Qingdao Grand Prix 2026 турниріндегі алғашқы медалі болды. Сондай-ақ ол спортшының алдағы халықаралық жарыстар қарсаңында әлемдік рейтингтегі орнын нығайтуына мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Алматы мен Харбин туризм саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтереді