Алматы – елімізде атмосфералық ауаны қорғауға кешенді тәсілді енгізген алғашқы қала

30.12.2025 19:18

Құжат еліміздің Экологиялық кодексіне сәйкес әзірленген

Алматыда атмосфералық ауаны қорғау ережесі бекітілді. Ластануды азайтып, экологиялық талаптарды реттеуге мүмкіндік беретін жаңа қағиданы қалалық мәслихат депутаттары мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы – елімізде атмосфералық ауаны қорғауға кешенді тәсілді енгізіп отырған алғашқы қала. Шаһардың ластануына көлік, өнеркәсіп орындары, моншалар, қоғамдық тамақтану және құрылыс нысандары, сондай-ақ жеке тұрғын үй секторы себеп болып отыр. Автокөліктер жылына шамамен 112 мың тоннадан астам зиянды зат шығарады. Оның 84 пайызы -Еуро-0 экологиялық класына жататын, яғни 1992 жылға дейін шығарылған көліктердің үлесінде.

 «Жаңа ереже қозғалтқышты қосып қоюды шектеу, шығарындыларды тазарту жүйесін пайдалану және тұрақты техникалық бақылау сынды коммуналдық және жеке автопарктерге міндетті талаптарды енгізеді. Автопарктерді жаңарту алдымен – Еуро-5 стандартына, кейін  газ және электр көлігіне көшу арқылы кезең-кезеңімен жүргізіледі», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев.

Жаңа ережеге шағын өндірістер мен ауаны ластауға ықпал ететін нысандар да бағынады. Оның аясында шығарындылар бақыланып, тазарту қондырғыларының болуы ерекше назарға алынбақ. Сондай-ақ көмір мен отын пайдаланатын жабдықтардан біртіндеп бас тартып, газға көшу жоспарланған. Ауа сапасын бақылау үшін экологиялық мониторинг жүргізіліп, соның шеңберінде бірыңғай цифрлық жүйе құрылады. Сонда тұрғындар ауа жағдайы туралы ақпарат алып, түйткілді мәселелер туралы хабарлауға мүмкіндік алады.

«Бірден шешім қабылдап, бірден ауаны тазартып тастаймыз» деген дүние емес. Кезең-кезеңімен мәселе шешіледі. Алдағы уақытта мүмкін тағы да іс-шаралар қабылдау мәселесі қаралады немесе жеңілдету керек болса, мәслихат шешімімен, өңірлік деңгейде қабылдауға қауқарымыз бар», – деді қалалық мәслихат төрағасы Мейіржан Отыншиев.

Айта кетейік, мәслихаттың 2025 жылғы соңғы отырысы өтті. Басқосуда депутаттар Алматы қаласындағы жасыл желектерді күту және қорғау ережелеріне өзгерістер енгізу, жол қозғалысы қауіпсіздігі мен көлік қозғалысын талдау бойынша зияткерлік жүйе жобаларын, жаңа Салық кодексіне байланысты автотұрақтар мен паркингтерге салынатын жер салығын реттеу мәселелерін қарастырды.

Гүлмарал Изатқызы, Адель Ақжаркенова, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Атмосфералық ауаны қорғау ережесі: сарапшылар пікірі қандай