Алматы іскерлік туризм саласындағы халықаралық ұстанымын нығайтты
ICCA Congress 2026 бағдарламасында Алматының халықаралық іскерлік іс-шараларды өткізу мүмкіндіктерін таныстырды
Панама қаласында өткен Халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығының (ICCA) 65-ші жыл сайынғы конгресі Алматыға әлеуетін халықаралық кәсіби ортаға таныстырып, жаңа іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Іс-шараға әлемнің 80 елінен 1 293 делегат қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Almaty Tourism Bureau Visit Almaty бренді арқылы Алматының халықаралық іскерлік іс-шараларды өткізу мүмкіндіктерін таныстырды. Конгресс аясында команда шетелдік серіктестермен, кәсіби қауымдастықтар мен сала өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.
Әсіресе, медицина, ғылым, технология, бизнес және инновация салаларындағы іс-шараларға басымдық берілді. Бұл бағыттар халықаралық кәсіби қауымдастықтарды Алматыға тартуға, тәжірибе алмасуға және іскерлік ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
ICCA Congress 2026 бағдарламасында ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге өтінім дайындау, қабылдаушы қаланы таңдау өлшемдері, туристік бағыттарды ілгерілетуде жасанды интеллектіні қолдану, сондай-ақ университеттермен және әуе компанияларымен өзара іс-қимыл мәселелері қамтылды. Бағдарламаның шамамен 60 пайызы іскерлік кездесулер мен кәсіби байланыстар орнатуға арналды.
Конгрестің маңызды оқиғаларының бірі ICCA қауымдастығының жаңа президентін сайлау болды. Barcelona Convention Bureau директоры Кристоф Тессмар қауымдастық президенті болып төрт жыл мерзімге сайланды. Келесі конгресс 2027 жылы Кигалида (Руанда) өтеді.
Конгреске қатысу Алматыға халықаралық кәсіби байланыс аясын кеңейтуге, қаланың мүмкіндіктерін әлеуетті серіктестерге таныстыруға және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта орнатылған байланысты нығайтып, Алматыда халықаралық іс-шаралар өткізу бойынша тиісті қауымдастықтармен бірлескен жұмысты жалғастыру жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз: Алматы құрамасы WorldSkills Kazakhstan 2026 республикалық чемпионатына аттанды