Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы жасақталды

02.05.2025 14:44

Кеңес құрамына 42 адам енді

Аlmaty.tv

Алматы қаласының Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы жасақталды. Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев мәлімдеуінше, Мәслихат жергілікті өкілетті орган ретінде бұл процесті заңнамаға сәйкес барынша ашық, жария түрде және қоғаммен диалог форматында ұйымдастырды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бірнеше кезеңдік конкурс пен ашық трансляциямен өткен сұхбаттасулар нәтижесінде Кеңес құрамына 42 адам енді.

Олардың ішінде азаматтық қоғам, коммерциялық емес сектор және сарапшылық қауымдастықтың 39 өкілі, мемлекеттік органдардың 3 өкілі бар.

«Барлығы 165 өтінім келіп түсті – бұл қаламыздағы азаматтық белсенділіктің жоғары деңгейін көрсетеді. Құжаттарды тексеру барысында 7 үміткер конкурсқа жіберілмеді, 5-і келесі кезеңнен бас тартты. Қалғандары жұмыс тобының мүшелерімен жеке сұхбаттан өтті», - деп жазды Мейіржан Отыншиев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жұмыс тобына қолданыстағы Кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары және ҮЕҰ өкілдері кірді. Оның құрамы да ашық дауыс беру арқылы бекітілді.

Жаңартылған құрамда:

  •  70%-дан астамы бұған дейін Кеңес құрамында болмаған жаңа мүшелер
  •  Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, өндіріс, әлеуметтік осал топтарды қорғау және басқа да негізгі салалар қамтылған
  •  35 жасқа дейінгі жастар үлесі 21,4%-ға дейін өсті, Кеңес мүшелерінің орташа жасы – 46
  •  Кеңеске алғаш рет оралмандар мен Ұлттық құрылтай мүшелері енді
  •  Гендерлік және этникалық құрам мегаполистің сан алуандығы мен әлеуметтік құрылымын көрсетеді.

«Құрам – тәжірибе, жаңа идеялар мен азаматтық белсенділіктің үйлесімі. Жаңа Қоғамдық кеңес билікпен тиімді диалог алаңына айналып, қалалық өмірдің өзекті мәселелерін шешуде маңызды рөл атқаратынына сенімдімін. Кеңестің жұмысы ашық, жүйелі әрі есепті болады. #MaslikhatAlmaty бұрынғыдай оның қызметіне жан-жақты қолдау көрсетіп, тұрғындармен диалогтың ашықтығын қамтамасыз етеді. Бастамашыл болып, өтінім берген баршаңызға алғыс айтамын. Сіздердің белсенділіктеріңіз – қуатты өзін-өзі басқарудың кепілі және «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» негізі”, - деп жазды қалалық Мәслихат төрағасы.

Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамымен мына жерден таныса аласыздар.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті