Алматы әкімі Абай атындағы республикалық мектеп-интернатының құрылыс барысын тексерді

16.06.2025 15:20

Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Бостандық ауданында бой көтеріп жатқан Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттың құрылыс алаңына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аталған білім ордасының салынуы білім беру жүйесін дамытуға қосылған қомақты үлес болмақ.

Мердігер компаниялардың мәліметіне сәйкес, құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүріп жатыр, межелі мерзімнен кешікпейді. Негізгі тірек болатын монолитті құрылым жеделдетілген қарқынмен құйылып, 10 мамырға дейін толық аяқталған.

Жоба аясында 900 орынға арналған шығармашылық мектебі мен интернат, аумақты көркейту мен көгалдандыру, амфитеатрды қайта жаңғырту, инженерлік желілерді тарту және автоматты суару жүйесін орнату көзделген.

Құрылыс жұмыстарының соңғы кезеңінде демеушілердің қаржысы есебінен заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді. Оған бассейн, күрес және бокс залдары, сондай-ақ дайындық сабақтарына арналған жаттығу залы кіреді.

Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар бес айда 800 млн теңгеден астам қаржысын қайтарып алды