Алматы әкімі агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерін мемлекеттік наградамен марапаттады

21.11.2025 14:17

Бүгінде Алматыда агроөнеркәсіп саласында 60-қа жуық кәсіпорын және азық-түлік өндіретін 300-ден астам компания жұмыс істейді

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Кәсіби мереке қарсаңында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мегаполисті сапалы өніммен тұрақты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан агроөнеркәсіп саласының үздік өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шара барысында Алматы әкімі агроөнеркәсіп кешенінің стратегиялық маңызын атап өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығын ұлттық қауіпсіздіктің негізгі бағыттарының бірі ретінде дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын айтты. Қайта өңдеу кәсіпорындары, логистикалық инфрақұрылым және ғылыми-білім беру орталықтарының арқасында Алматы аграрлық тізбектің маңызды буынына айналып отыр.

Салтанатты рәсім аясында «Парасат» ордені Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Агрономия, селекция және биотехнология» кафедрасының профессоры Тастанбек Атақұловқа және «Масло-Дел» ЖШС бас директоры Павел Селивановқа табысталды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Цин-Каз» ЖШС зертхана меңгерушісі Айман Күдерина марапатталды. Бұл наградалар — сала мамандарының көпжылдық адал еңбегі мен кәсібилігіне, аграрлық сектордың дамуына қосқан зор үлесіне берілген жоғары баға.

Қала әкімі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген барша мамандарға ризашылығын білдіріп, агроөнеркәсіп секторына қолдау көрсету жұмысы жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Бүгінде Алматыда агроөнеркәсіп саласында 60-қа жуық кәсіпорын және азық-түлік өндіретін 300-ден астам компания жұмыс істейді. Айта кетейік, Қазақстанда қарашаның үшінші жексенбісінде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні дәстүрлі түрде аталып өтеді.

Оқи отырыңыз: Президент Армения премьер-министрін "Алтын Қыран" орденімен марапаттады