Алматы әкімі Алатау ауданының тұрғындары көтерген инфрақұрылым мәселелерін талқылады

10.11.2026 16:10

Тұрғындар қазандықтың жұмысын реттеп, инженерлік желілерді коммуналдық меншікке беруді, сондай-ақ кіреберіс жолдарды кеңейтуді сұрады

Almaty.tv

Алматының Алатау ауданында тұрғындарды алаңдатқан инфрақұрылым мәселелері талқыланды. Қала әкімі жұмыс сапары барысында Shahar City тұрғын үй кешені мен Қарасу шағынауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жиында инженерлік желілердің жай-күйі, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру және қоғамдық көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері көтерілді.

Атап айтқанда, тұрғындар қазандықтың жұмысын реттеп, инженерлік желілерді коммуналдық меншікке беруді, сондай-ақ кіреберіс жолдарды кеңейтуді сұрады.  

Ал Қарасу шағынауданында кәріз жүйесін дамыту, тұрғын үйлер арасындағы жолдарды жөндеу, көл маңын абаттандыру және жаңа автобус аялдамаларын орнату қажет екені айтылды.

«Әкім келіп, сұрақтарымызға жауап берді. Қарасуда шешілмей жатқан жағдай жоқ. Жол, транспорт, асфальт, кәріз жүйесі шешіліп жатыр. Тұрғындар сұрағына жауап берді. Көңілінен шықты», – деді қала тұрғыны Ләззат Кенжебаева.

 Кездесу қорытындысы бойынша қала басшысы жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне бірқатар тапсырма жүктеді. Тиісті мекемелер тұрғындар көтерген мәселелерді жан-жақты зерделеп, оларды шешу жолдарын қарастыруы тиіс. Сондай-ақ нақты шаралар қабылдап, белгіленген жұмыстардың орындалу мерзімін бақылауда ұстауды тапсырды.

Оқи отырыңыз: Халық қатысатын бюджет: Жас қанат шағынауданында сквер ашылды

 

Толық көрсету