Алматы әкімі ардагерлермен кездесіп, Жеңіс күнімен құттықтады

09.05.2026 16:56

Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының құттықтау жеделхатын оқып берді

іnstagram.com/darkhan_satybaldy_official

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен кездесіп, оларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтады деп хабарлайды Almaty.tv..

Зұлхарнай Сейітұлы Сейітов — Берлинге дейін жеткен майдангер. Соғыстан кейін ол бар ғұмырын ғылым мен медицина білімі саласына арнап, биология ғылымдарының докторы, академик атанып, 150-ден астам ғылыми еңбектің авторы болды.

Сондай-ақ қала әкімі 101 жастағы ардагер Иван Бегуновтың шаңырағына барып, құрмет көрсетті. Ол І Украина майданында пулеметші болып қызмет атқарып, Еуропа елдерін азат ету шайқастарына қатысқан және Жеңісті Прагада қарсы алған.

Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының құттықтау жеделхатын оқып берді. Онда жеңімпаз ұрпақтың ерлігі мен қайсарлығы, Отан алдындағы өлшеусіз еңбегі ерекше атап өтілген.

Ардагерлер майдан даласындағы қиын-қыстау күндер мен Жеңістен кейінгі өмір жолдары жайлы естеліктер айтты. Дархан Сатыбалды олардың жанқияр ерлігіне алғыс білдіріп, зор денсаулық, бақ-береке және ұзақ ғұмыр тіледі.

Бұл күні Алматының барлық майдангер-ардагерлерді қала әкімінің орынбасарлары мен аудан әкімдері құттықтады.

Оқи отырыңыз: Алматыда Жеңіс күні аталып өтіп, соғыс қаһармандарының рухына тағзым етілді