Алматы әкімі Дархан Сатыбалды азаматтарды жеке қабылдады
Тұрғындар абаттандыру, жолдар мен инженерлік желілердің жай-күйіне қатысты мәселелерді көтерді
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды азаматтарды жеке қабылдады. Кездесуде баспана мәселесінен бастап, мүгедектігі бар балаларға қолдау көрсетуге дейінгі түрлі өтініш айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тұрғындар абаттандыру, жолдар мен инженерлік желілердің жай-күйіне қатысты мәселелерді көтерді. Әр өтініштің ар жағында әр отбасының мұң-мұқтажы бар. Мәселен, қабылдауға келген аналардың бірі джиу-джитсумен айналысатын ерекше қажеттілігі бар екі баласына қолдау сұрады. Балалары татамиде күрес тәсілдерін меңгеріп жатса, анасы олардың жаттығуды жалғастыруына мүмкіндік іздеп жүр. Ол балаларын спорттан қол үздірмеу үшін жаттығу ақысын төлеуге көмектесуді өтінді.
«Балаларымның спорт түрімен айналысуына қаржылай қолдау көрсететін басқа да бағдарламалар ұсынса дейміз. Өйткені олардың болашағынан үміт зор. Әсіресе, ортаншы ұлым жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Ақ белбеуіне сары жолақ алып үлгерді. Жаттықтырушылары оның келешегі зор екенін, тіпті Паралимпиада чемпионы атануы мүмкін екенін айтқан», – деді қала тұрғыны Айжан Мырзақожаева.
Дархан Сатыбалды ананың өтінішін ескеріп, тиісті басқармаларға жаттығуларды қаржыландыру мәселесін пысықтауды тапсырды. Қабылдауда спорттан өзге де мәселелер қозғалды.
Алматылықтар жерді рәсімдеу, көпқабатты үйлерді күтіп ұстау, электрмен жабдықтау және жасыл желекті сақтау жайын сөз етті. Құрылыс кезінде белгіленген талаптардың сақталуы да талқыланды. Қалалық басқармалар мен аудан әкімдіктерінің өкілдері әр өтініш бойынша түсіндірме берді.
Шаһар басшысы қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер бойынша тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды. Нәтижесі әр өтініш иесіне жеке хабарланады.
Оқи отырыңыз: Алматы Тазалық: Дархан Сатыбалды кәсіпорын қызметкерлердің еңбек жағдайымен танысты