Алматыда 5 мыңнан астам адам Абай әндерін шырқап, ескерткішіне гүл қойды

10.08.2025 12:45

Қала әкімі қала тұрғындарын Абайдың 180 жылдығымен құттықтады

Бүгін, 10 тамыз күні Алматыда қазақтың бас ақыны, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған салтанатты рәсім өтті. Абай алаңындағы іс-шара мерекелік бағдарламаның басты оқиғасына айналып, 5000-нан астам қатысушыны жинады, деп хабарлайды  Аlmaty.tv.

Салтанатты жиынға қала әкімі Дархан Сатыбалды, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері, шығармашылық және мәдени ұйымдар мен жастар қатысты. Қатысушылар ұлы ойшылдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Монумент түбіне жүздеген раушан гүлдері қойылды.

Қала тұрғындары мен қонақтары «Желсіз түнде жарық ай» және «Көзімнің қарасы» атты Абайдың аңызға айналған шығармаларын «Отырар сазы» оркестрінің, Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы студенттер хорының сүйемелдеуімен орындады.

Айта кетейік, Алматыда Абайдың мерейтойына орай 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылады: театр қойылымдары, поэзия кештері, әдеби сағаттар, көрмелер, концерттер, жастармен кездесулер, сондай-ақ,спорттық, қайырымдылық және ағартушылық акциялар қаланың барлық ауданында өтеді.

«Бұл күн тек еске алу ғана емес, оның мол рухани мұрасынан тағылым тартып, ұрпақ санасына сіңірудің мерейлі сәті. Абайдың асыл сөздері мен өнегелі ойлары бізді елдікке, әділдікке, білім мен өнерге ұмтылуға шақырады», — деді Дархан Сатыбалды.

Кейін Абай алаңында белгілі өнерпаздардың қатысуымен «Алаштың Абайы» атты үлкен музыкалық-драмалық концерт өтті.

Абайдың мерейтойына орай Алматыда 100-ден астам — театр қойылымдары, поэзия кештері, әдеби сағаттар, көрмелер, концерттер және жастармен кездесулер іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Сондай-ақ, спорттық, қайырымдылық және ағартушылық акциялар өтеді.

Іс-шаралар қала бойынша ұйымдастырылып, жастарды ұлттық мәдениетке баулу мен Абайдың рухани мұрасын терең түсінуге бағытталған.

Оқи отырыңыз: "Аманатына адал болайық": Президент Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойымен құттықтады