Алматы әкімі Наурызбай ауданын аралап, тұрғындардың шағымын тыңдады

05.11.2026 18:12

Қалқаман тұрғындарын электр қуатының жиі үзілуі, көлік қатынасы, пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы мен қоғамдық қауіпсіздік алаңдатады

Almaty.tv

Алматы әкімі Наурызбай ауданын аралап, Шұғыла және Қалқаман шағынаудандарының тұрғындарымен жүздесті. Олар қала әкіміне жол, сумен және электрмен жабдықтау мәселелерін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сонымен қатар қоғамдық көлік қатынасы мен абаттандыру жайы да талқыланды. Шұғыладағы Абай саяжайының тұрғындары жолдарды жөндеу, инженерлік желілерді жаңарту және ескірген трансформаторларды коммуналдық меншікке беру қажет екенін айтты. Сондай-ақ жер телімдерін рәсімдеу, балалар ойын алаңдарын жабдықтау және оқушыларды тасымалдау жөнінде өтініш білдірді.

«Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мырза келіп, халықпен сұқбаттасып, олардың сұрақтарына жауап беріп жатыр. Су, электр жарығы, жол және басқа да мәселелерге қатысты жауап алдық», – деді қала тұрғыны Раушангүл Лебаева.

Қалқаман тұрғындарын электр қуатының жиі үзілуі, көлік қатынасы, пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы мен қоғамдық қауіпсіздік алаңдатады. Кездесуде Төле би көшесін ұзарту мәселесі де қаралды. Жобаны аяқтау үшін жоғары кернеулі электр желілерінің тіректерін көшіру қажет, алайда бұл жұмыстарды жылыту маусымы аяқталғаннан кейін ғана жүргізуге болады. Кездесу қорытындысында қала әкімі салалық басқармалар мен аудан әкімдігіне әрбір өтінішті қарастырып, шешу жолдары мен нақты орындалу мерзімін белгілеуді тапсырды.

«Әкімге Әшімов көшесіне қатысты сұрақ қойдым. Неше жылдан бері осы жерде тұрып жатырмыз, көшеміз ескі. Басқа көшелерді кеңейтіп жатыр. Бізде сондай мүмкіндік бар-жоғын білгім келді. Жауабын естідім. Елмен кездескен жақсы, мәселені біледі және қайсысы шұғыл жасалу керек екенін сараптай алады», – деді қала тұрғыны Сабира Ахматова.

Оқи отырыңыз: Алматыда ақылды көлік жүйесі пайда болуы мүмкін

Толық көрсету