Алматы әкімі Түрксіб ауданындағы экожобалардың жүзеге асу барысын тексерді

02.07.2025 16:20

Қала тұрғындарына жайлы орта құру үшін заманауи құрылыс тәсілдері қолданылады

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Түрксіб ауданындағы экологиялық жобалардың жүзеге асырылу қарқынын тексерді. Бірқатар маңызды нысанды аралаған шаһар басшысы жоспардағы жұмысты уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырған. Оның айтуынша, бұл жобалар мегаполистің экологиялық әлеуетіне ғана емес, қала инфрақұрылымының дамуына серпін беріп, иінін қандырады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қала басшысы Дархан Сатыбалды ат басын әуелі Түрксіб ауданындағы Алтынкөл көліне бұрды. Жақын арада мұнда тоғандарды тазарту жұмыстары басталады екен. Қамыс, қоқыс пен лайдан арылатын жердің аумағы - 26 мың шаршы метр. Сондай-ақ жауаптылардың айтуынша, қала тұрғындарының ұсынысымен су жағасы абаттандырылып, демалыс аймақтары құрылады. Көл аумағын аралаған шаһар әкімі жұмысты жеделдетіп, күн суығанға дейін негізгі кезеңдерді аяқтауды тапсырды.

«Мұндағы басты міндет - тоғанды механикалық тазартудан өткізу. Сонымен қатар мұнда тұрғындар балық аулайды, оларға да қолайлы жағдай жасаймыз. Одан бөлек, жобада тротуар, жарықтандыру желілері, жаяу жүргіншілер көпірі қарастырылған», - деді жобалау компаниясының директоры Мәулен Есперов.

Жұмыс сапарының келесі нүктесі Кіші Алматы өзенінің Рысқұлов даңғылы мен Әуежай көлі аралығы болды. Мұнда аумақты абаттандыру, көпір салу, жағалауды нығайту және өзен арнасының бойына заманауи саябақ аймағын құру жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар қала әкімі Әуежай көлін механикалық тазалау, су деңгейін реттеу және су алмасуды қамтамасыз ететін құрылғылардың жұмысын қалпына келтіруді тапсырды. Жоба жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Жауаптылардың айтуынша, қала тұрғындарына жайлы орта құру үшін заманауи құрылыс тәсілдері қолданылады.

«Жоба өте ауқымды. Рысқұлов даңғылынан басталып, Маяк, Авиатор, Жас Қанат сияқты үлкен ықшамаудандарды қамтиды. Жоспардағы жұмыс аяқталғаннан мұндағы тұрғындар абаттандырылған аумақта серуендей алады. Мұнда тығыз орналасқан жеке үйлер көп. Сондықтан оларға да, көпқабатты үйлердің тұрғындарына да қолайлы болатындай жайлы жағдай жасауымыз керек», - деді архитектор, урбанист Назерке Мұндаханова.

Мегаполис әкімі қала тұрғындары үшін серуен аймағы құрылуы тиіс жер телімін де көріп қайтты. Ауданы 6,6 гектар болатын аумақ қазір жекенің меншігінде. Нұршашқан шағынауданындағы учаске жақын арада сатып алынып, толық абаттандырылмақ.

Шаһар басшысы сапар соңында қолға алынған жобалардың маңызын атап өтті.

«Бастысы – Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы әрі қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыру», - деді қала басшысы.

Гүлмарал Изатқызы, Адель Ақжаркенова, Жақсылық Тілепберген, Ернат Болатбек, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды "Атакент" кешенін жаңғырту жобасымен танысты