Биыл Әуезов ауданында 57 жоба жүзеге асырылады
Әуезов ауданына жұмыс сапары барысында Алматы әкімі Ерболат Досаев «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында көріктендірілген аула аумағын көрді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда аулаларды ауқымды жаңарту жұмыстары Мемлекет басшысының жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру жағдай жасау жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Әуезов ауданында 966 аула бар, олардың 500-і ағымдағы және күрделі жөндеуді қажет етеді. Былтыр Әуезов ауданында 174-тен астам аулада жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 23 аулаға күрделі жөндеу жасалса, тағы 137 аулаға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Аулаларды абаттандыру сонымен қатар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүргізіледі. Биыл Әуезов ауданында 57 жоба жүзеге асырылады, оның ішінде 41 ауланы абаттандыру қарастырылған, солардың бірі – №2 шағын аудандағы 41 және 42 үйлер арасындағы аула.
Аула аумағы «АлматыБасЖоспар» ғылыми-зерттеу институтының әдістемелік нұсқаулығына сәйкес күрделі жөндеуден өтті. Онда әрбір ауланы көріктендірудің стандарты мен өзіндік ерекшелігі ескерілген. Аулада балалар және спорт алаңдары салынды, 19 көше жарықтандыру бағанасы, 12 бейнебақылау камерасы орнатылды, 390 шаршы метрлік футбол алаңы салынды, 300 метрлік жасыл қоршау және 50 ағаш отырғызылды. Сонымен қатар, 3 мың шаршы метрден асатын жасыл аймаққа автосуару жүйесі мен 400 метрлік тротуар орнатылды.
"Жаңартылған ауламыз бізге өте ұнайды – балалармен серуендейтін аналар үшін өте қолайлы, бізге тіпті басқа аулалардың тұрғындары келіп, уақытын осында өткізеді. Бұрынғы күйімен салыстырғанда айырмашылық үлкен – Еуропа бізге келгендей! Біз ауламыздың абаттандыру жұмыстарына белсене қатысып, оны қолайлы ету үшін ұсыныс білдірдік. Пікірлерімізді ескергендеріңізге рахмет!", – деп тұрғындар Алматы әкіміне алғыс білдірді.
Қала басшысы халық тығыз орналасқан және көпқабатты үйлер көп шоғырланған Әуезов ауданында аулаларды абаттандыру және жаңарту басты міндет екенін атап өтті. Ерболат Досаевтың айтуынша, абаттандыру жаңа стандарт бойынша жүргізілуде, мұнда сапа мен қауіпсіздік талаптары ескерілген – бейнебақылау, жарықтандыру, автосуарғышпен жабдықталған көгалдандыру жүйелері орнатылады. Осылайша, қала тұрғындарына жайлы жағдайлар жасалуда.
Оқи отырыңыз: Алматыда ғылыми зертхана ашылды