Алматы мектептерінде жаңа оқу жылынан бастап құқықтық сауатқа басымдық беріледі

06.08.2026 20:30

Білім ошақтарында «Конституция негіздері» және «Заң және тәртіп» курстары оқытылады

Алматыда жаңа оқу жылында білім алушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілмек. Бұл мақсатта 5-7-сыныптарға «Конституция негіздері», ал 8-11-сыныптарға «Заң және тәртіп», «Жеке қауіпсіздік» атты оқу курстары енгізіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Аталған мәселе бүгін қала педагогтерінің қатысуымен өткен тамыз кеңесіне дайындық барысында талқыланды.

Ұстаздардың айтуынша, алдағы уақытта білім беру жүйесі конституциялық құндылықтарды ескере отырып жасақталады.

Ал тәрбиелік бағыттың күшеюі оқушының тұлға болып қалыптасуына және өз құқығын білуіне ықпал етеді. Бұл бастама «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады.

«Ең маңызды өзгерістердің бірі – тәрбие бағытына басымдық берілуі. Сонымен қатар «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат», «Озық ойлы ұлт» идеяларын білім беру жүйесіндегі тәрбие жұмысының өзегіне айналдыруды мақсат етіп отырмыз. Білім сапасын арттыру арқылы мемлекетіміздің іргесін де, болашағын да нығайта аламыз деп ойлаймыз», – деді Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы бөлімінің жетекшісі Жазира Қырбаева.

Айта кетейік, биыл қала ұстаздарының дәстүрлі тамыз кеңесі 14 тамызда өтеді деп жоспарланып отыр. Онда білім беру жүйесіне конституциялық құндылықтарды енгізумен қатар, оқыту сапасын арттыру және жасанды интеллектіні қолдану мәселелері де талқыланады.

Сондай-ақ педагогтер тәжірибе алмасып, жаңа оқу жылына арналған негізгі міндеттерді пысықтайды.

«Өткен оқу жылында бастауыш сынып оқушылары арасында оқу сауаттылығы бойынша PIRLS халықаралық зерттеуі сәтті өтті. Сонымен қатар Сингапур тәжірибесі негізінде каскадты курстар ұйымдастырылып, мыңдаған бастауыш сынып мұғалімі түрлі әдіс-тәсілді меңгерді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде педагогтердің кәсіби деңгейі артып, білім сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар жасалып жатыр», – деді Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы бөлімінің жетекшісі Арай Қасымбаева.

Оқи отырыңыз: Алматыда сайлау учаскелерінің мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімділігі тексерілді