Алматы педагогтері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды
Педагогтерді ұлықтау Алматыда да жалғасын тапты
Мұғалім күніне орай Алматы педагогтерінің еңбегі республикалық және қалалық деңгейде жоғары бағаланды. Ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогикалық еңбек ардагерлері мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің педагогтерін кәсіби мерекесімен құттықтап, білім беру саласының үздік өкілдеріне мемлекеттік наградаларды табыстады.
Мемлекет басшысының қолынан жоғары награда алғандардың қатарында алматылық педагогтер – №173 мектеп-лицейінің мұғалімі Батима Сыдықбекова және мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының педагогі Эльмира Шотанова бар.
Сондай-ақ Алматы қаласындағы М. Мақатаев атындағы №140 гимназияның педагогтері Айгүл Ертуғанова мен Қорлан Ертуғанова Астанада марапатталып, наградаларын Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің қолынан алды.
Педагогтерді ұлықтау Алматыда да жалғасын тапты. Қала әкімі Дархан Сатыбалды ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан педагогтерге мемлекеттік наградаларды табыстады.
Сонымен қатар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық наградаларымен Алматы қаласының 36 педагогі марапатталды. Марапаттарды Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев табыстап, әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Марапатталғандардың 9-ы – «Еңбек ардагері» медаліне, 14-і – «Ы. Алтынсарин» төсбелгісіне, 13-і – «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Олардың қатарында мектеп директорлары мен мұғалімдері, мектепке дейінгі ұйымдар мен колледждердің, қосымша білім беру ұйымдарының педагогтері бар. Марапат иелерінің көпшілігі білім беру саласында 40 жылдан астам еңбек еткен, ал ең жоғары педагогикалық еңбек өтілі 49 жылды құрайды.
Алматы педагогтерінің мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ие болуы – олардың кәсіби шеберлігіне, мамандыққа адалдығына және өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге қосқан үлесіне берілген жоғары баға.
Оқи отырыңыз: Алматының Наурызбай ауданында жаңа саябақ пен 35 көркейту жобасы жүзеге асырылады