Almaty prof skills: Алматыда ең үздік қызметкерлер марапатталды

24.12.2025 18:21

Жұмысшы мамандықтар жылы жарияланғаннан бері әртүрлі салада қызмет ететін азаматтардың еңбегі еленіп, кәсіптік білімге деген қызығушылық артты

Алматыда жұмысшы мамандықтар жылы қорытындыланып, ең үздік қызметкерлер марапатталды. «Almaty prof skills» деп аталатын форумда техникалық кәсіптік білім беру саласында бір жыл бойы атқарылған істер сараланып, жетістіктер айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шара ұйымдастырушыларының сөзінше, жұмысшы мамандықтар жылы жарияланғаннан бері әртүрлі салада қызмет ететін азаматтардың еңбегі еленіп, кәсіптік білімге деген қызығушылық артқан. Мәселен қалада экономиканың негізгі салалары үшін кадрлық әлеует қалыптастыратын 88 колледж жұмыс істейді. Онда 87 мыңға жуық студент оқиды. Бүгін дәл осы мамандарды даярлауға елеулі үлес қосқан оқытушыларға алғыс хат табысталды.

«Алған марапатым – колледждің студенттері және де ұстаздарымыздың жыл бойғы өлшеусіз ерен еңбегінің жемісі. Қуанышты сәт», – деді Алматы құрылыс техникалық колледжінің директоры Бектұрған Ахметов.

Кәсіптік білімге деген қызығушылық артқанын білім алушылардың жетістіктерінен-ақ байқауға болады. Биыл студенттер WorldSkills конкурсына белсенді түрде қатысып, 3 мың 521 түлек демонстрациялық емтихан нәтижесінде Skills Passport алған.

 «Алматы мемлекеттік бизнес колледжінде «Наубайшы» мамандығында оқимын. Биыл WorldSkills 2025 байқауында «Наубайшы ісі» аталымы бойынша 1-орынды жеңіп алдым. Өте қуаныштымын. Бұл жетістікке жетуіме ұстаздарым және жергілікті әкімдік үлкен септігін тигізді. Бізге, жұмысшы мамандарға көңіл бөлініп жатқаны қатты қуантады», – деді Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің студенті Кристина Лаубер.

Оқи отырыңыз: Алматының Бас жоспарын түзетуде агломерацияның дамуы ескеріледі