Алматыда «жасыл» энергетикаға арналған халықаралық арт-көрме өтеді

02.04.2026 09:05
пресс-служба акима Алматы

2026 жылы қыркүйекте Алматыда Германия, Қытай, Қазақстан және Орталық Азия елдерінен келген суретшілердің басын қосатын «Бес элемент: энергия трансформациясы» атты халықаралық көркем көрме өтеді. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көрме Германияның Brú – Kunst und Kultur Austausch und Förderung Global Arts & Culture Organization e.V. қауымдастығының бастамасымен жүзеге асырылады. Жоба бұған дейін Берлин мен Стамбұлда өткен халықаралық көрмелер сериясының жалғасы саналады.

Көрмені ұйымдастыру Almaty Tourism Bureau мен Brú ұйымы арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум негізінде қолға алынған. Құжат бірлескен арт-жобаларды жүзеге асыруға және алматылық суретшілерді халықаралық деңгейде танытуға бағытталған.

Көрменің негізгі идеясы «жасыл» энергетика тақырыбын бес элемент — металл, ағаш, су, от және жер философиясымен үйлестіруге негізделген. Экспозицияда инсталляциялар, мүсіндер, кескіндеме туындылары мен фотосуреттер, соның ішінде қайта өңделген индустриялық материалдардан жасалған жұмыстар ұсынылады.

Жоба халықаралық мәдени диалогты күшейтіп, Алматының креативті индустриялар мен мәдени туризм орталығы ретіндегі мәртебесін одан әрі арттыра түседі.

Оқи отырыңыз: Алматы мейрамханалары мен аспаздары WHERETOEAT халықаралық гастрономиялық сыйлығының қысқа тізіміне енді