«Алматы Су» су және кәріз қызметі үшін төлемді кешіктірмеуге шақырды
Жалпы берешектің 250 миллион теңгеге жуығы көпқабатты үйлердің тұрғындарына тиесілі
Алматыда тұрғындардың сумен жабдықтау және кәріз қызметтері үшін жалпы берешегі 550 млн теңгеден асты. «Алматы Су» ШЖҚ МКК тұрғындарды коммуналдық қызметтердің ақысын уақытылы төлеуге және қарыздың жиналуына жол бермеуге шақырды. Өйткені қарызды уақытында өтемеу өсімпұлдың жиналуына, тіпті су берудің тоқтатылуына әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кәсіпорын ұсынған мәліметке сәйкес, жалпы берешектің 250 миллион теңгеге жуығы көпқабатты үйлердің тұрғындарына тиесілі. Ал жеке сектордағы тұрғындардың қарызы 300 миллион теңгеден асқан.
«Алматы Су» қызметкерлері тұрақты түрде рейдтер жүргізіп, берешегі бар тұрғындардың үйлеріне барады. Оларға қарызды өтеу қажеттігі туралы хабарламалар табыстап, төлемді кешіктірудің қандай салдары болуы мүмкін екенін түсіндіреді.
«Алматы Су» ШЖҚ МКК өкілдерінің түсіндіруінше, су және кәріз қызметтері үшін төлем шоттары ай сайын келесі айдың 15-іне дейін ұсынылады. Төлемді сол айдың 25-іне дейін төлеу қажет. Егер осы мерзімде төлем жасалмаса, 26-сынан бастап берешек мерзімі өткен қарыз болып есептеліп, оған өсімпұл есептеледі. Соның салдарынан қарыз сомасы біртіндеп ұлғая береді.
Егер тұрғын берешегін өтемесе, кәсіпорын су беруді шектеуге немесе толық тоқтатуға құқылы. Мұндай шара қолданылғанға дейін күнтізбелік үш күн бұрын тұтынушыға тиісті ескерту беріледі. Бұл шаралар заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Алайда судың шектелуі немесе ажыратылуы тұтынушыны жиналған қарызды өтеу міндетінен босатпайды.
Егер берешек ұзақ уақыт бойы өтелмесе, «Алматы Су» қарызды өндіріп алу үшін нотариусқа немесе сотқа жүгіне алады. Мұндай жағдайда борышкер су және кәріз қызметі үшін негізгі қарызды ғана емес, өсімпұлды және берешекті өндіріп алуға байланысты шығынды да төлеуге міндетті болады.
Іс сот орындаушыларына берілген жағдайда, олар борышкердің банк шоттарына тыйым салуы, жалақысының немесе өзге де табысының бір бөлігін ұстап қалуы, сондай-ақ қарызды өтеу мақсатында мүлкіне тыйым салуы мүмкін. Заңда көзделген жағдайда Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға уақытша шектеу қойылуы да ықтимал.
«Алматы Су» ШЖҚ МКК тұрғындарды есептелген төлемдерді тұрақты түрде тексеріп, коммуналдық қызметтердің ақысын белгіленген мерзімде төлеуге шақырды. Егер қарыз пайда болған болса, оның одан әрі ұлғаюына және мәжбүрлеп өндіріп алу шараларына жол бермеу үшін берешекті мүмкіндігінше тезірек өтеу ұсынылады.
Коммуналдық қызметтердің ақысын уақытылы төлеу Алматы қаласының сумен жабдықтау және кәріз жүйесінің тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуі үшін де маңызды.
Оқи отырыңыз: Ескі көліктерді кәдеге жарату бағдарламасы әзірге іске қосылған жоқ