Ескі көліктерді кәдеге жарату бағдарламасы әзірге іске қосылған жоқ
Министрлік азаматтарды тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды
Қазақстанда ескі автокөліктерді кәдеге жаратуға тапсырып, жаңа көлік сатып алуға жеңілдік сертификатын алу әзірге мүмкін емес. Экология және табиғи ресурстар министрлігі тараған ақпаратқа байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ведомство мәліметінше, министрдің 2026 жылғы 6 қазандағы №252 бұйрығы кәдеге жаратуға тапсырылған көліктерге қатысты құжаттарды рәсімдеу және жеңілдік сертификаттарын беру мен пайдалану тәртібін айқындайды. Алайда бұл құжаттың қабылдануы бағдарламаның басталғанын білдірмейді.
Бұйрық 25 қазанда күшіне енеді. Дегенмен бұл күннен бастап ескі көліктерді қабылдау немесе сертификаттар беру басталмайды.
Қазір «Жасыл даму» АҚ пайдаланудан шыққан көліктерді қабылдап, кейін кәдеге жарататын кәсіпорындарды іріктеп жатыр. Қажетті рәсімдер аяқталып, тиісті келісімшарттар жасалғаннан кейін бағдарламаның іске қосылатын уақыты, қатысу шарттары мен қабылдау пункттерінің мекенжайлары ресми түрде жарияланады.
Министрлік азаматтарды тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды.
Оқи отырыңыз: Қарыз алушы қайтыс болса, ипотека автоматты түрде тоқтатыла ма