Almaty SuperSki: алматылық оқушылардың дене шынықтыру сабағы тау бөктерінде өтуі мүмкін

08.10.2026 20:11

Ауқымды жоба шаһарға ағылатын туристер легін арттырып, қысқы демалыс мәдениетіне серпін бермек

Алматыда тау туризмін дамытуға серпін беретін «Almaty SuperSki» жобасын 2028 жылы іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа курорт аумағында жалпы ұзындығы 60 шақырымға жуық шаңғы трассалары салынып, тәулігіне 10 мыңнан астам демалушыны қабылдауға мүмкіндік туады. Жолдардың 70 пайызы балалар мен жаңадан үйреніп жүргендерге бейімделмек.

Алдағы уақытта алматылық оқушылардың дене шынықтыру сабағы тау бөктерінде өтуі мүмкін. Қала әкімдігі болашақ курорт аумағында мектеп бағдарламасын қысқы спорт түрлерімен ұштастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

«Біздің басты мақсатымыз – бұқаралық спортты дамыту. Әрбір оқушыға тау шаңғысы спортымен танысып, өз қабілетін сынауға мүмкіндік беріледі. Бейімі байқалған балалар кейін спорт мектептері мен секцияларда шеберлігін шыңдай алады», – деді Білім басқармасы «Қалалық дене шынықтыру және спорт оқу-тәжірибелік орталығы» директорының орынбасары Рашид Әубәкіров.

Бастама мектеп оқушыларының қызығушылығын оятып үлгерді. Жасөспірімдер табиғи ландшафты сақталған демалыс аймағы шығармашылық ізденіске де кең өріс ашатынын айтады.

«Бұл – балалар үшін өте үлкен мүмкіндік. Табиғат аясында суретті көзбен көріп, жарық-көлеңке мен түстердің өзгеруін сезініп орындайды», – деді №199 мамандандырылған гимназияның бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Айман Төрехан.

Ауқымды жоба шаһарға ағылатын туристер легін арттырып, қысқы демалыс мәдениетіне серпін бермек.

Мәди Мәлік, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Алматыда IT және жасанды интеллект саласын дамытуға арналған екі ірі орталық құрылады

Толық көрсету