Almaty Superski - тау туризмін жаңа деңгейге көтеретін жоба

28.09.2026 19:44

Алматының тау бөктері туристер үшін тартымды демалыс мекені болып қала береді

Жаңа Almaty Superski жобасы қала тауларында жыл бойы белсенді демалуға жол ашпақ. Қыста шаңғы тебуге, ал жазда веложолдармен жүріп, түрлі фестивальдерді тамашалауға мүмкіндік туады. Алматының тау бөктері қазірдің өзінде еліміздегі туристер ең көп баратын орындардың қатарында. Жыл сайын мұнда миллионға жуық адам келеді. Әлемдік деңгейдегі жаңа курорт қалай жұмыс істейді, - Almaty.tv тілшісі тарқатады. 

Алматының тау бөктері туристер үшін тартымды демалыс мекені болып қала береді. Соңғы алты жылда бұл бағытқа қызығушылық төрт жарым есе артқан. Қазір мұнда жыл сайын миллионға дейін адам келеді. Алайда туристер көбейген сайын табиғи ортаға, соның ішінде өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне түсетін салмақ та артып отыр. Almaty Superski жобасы туризмді дамыту мен табиғатты қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтауға ықпал етуі тиіс, -дейді мамандар.

"Бұл жобаның Алматы үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызы зор. Ол жаңа инфрақұрылым салуға, экономиканы дамытуға серпін беріп, туризм саласын жаңа деңгейге көтереді. Сонымен қатар Алматының әлемге кеңінен танылуына мүмкіндік ашады", - дейді қоғам қайраткері Қадырбек Файзуллаев.

Almaty Superski курортының басты ерекшелігі - жыл бойы жұмыс істеуі. Қыста мұнда шаңғы мен сноуборд тебуге болады. Ал күн жылынғанда демалушылар тау соқпақтарымен серуендеп, фестивальдер мен көрмелерді тамашалай алады. Таудың қалаға жақындығы мұндай демалыс түрін дамытуға қолайлы жағдай жасайды. Жобада келушілердің қауіпсіздігіне де айрықша мән берілген.

"Қауіпсіздік шаралары табиғи қауіптің алдын алуды да, одан қорғануды да қамтиды. Қар көшкінін ұстап қалу, сел мен топырақ көшкінінің алдын алу шараларын бейінді институттар жобалау кезеңінде қарастырады. Ал курорт жұмыс істей бастағанда қар көшкінін бақылап, жасанды жолмен түсіруге арналған жүйелер қолданылады. Бұл шаңғы трассаларын көшкін қаупінен қорғау үшін қажет. Сондай-ақ, оқыс жағдайларда жедел көмек көрсету үшін барлық құтқару қызметі қамтамасыз етіледі", - деп айтып берді Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев.

Курортты әртүрлі санаттағы демалушыларға қолжетімді ету көзделген. Жоба өкілдерінің айтуынша, мұнда тау демалысына алғаш келгендерге де, тәжірибелі әуесқойларға да қолайлы жағдай жасалады. Балалы отбасылар мен егде жастағы қонақтардың қажеттіліктеріне ерекше көңіл бөлінеді. Ал Қазақстан тұрғындары үшін бағаны төменірек белгілеу жоспарланып отыр.

Айжан Дайрабай, Маржан Манапова, Жақсылық Тлепберген - Almaty TV телеарнасы.

Оқи отырыңыз: Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын түзету кезінде тұрғындардың ұсынысы ескерілді

Толық көрсету