Алматы тау кластерін дамыту жобасы аясында «Almaty Tau Academy» ашылады

22.10.2026 18:56

Қозғалысы шектеулі азаматтардың қажеттіліктері де ескеріледі

Алматы тау кластерін дамыту жобасы қаланың таулы аймақтарын біртұтас туристік кеңістікке біріктіруге бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Яғни, демалыс орны тек шаңғы тебетін немесе тәжірибелі альпинистер бағындыратын мекен болмайды. Мұнда табиғатты танып, балалармен серуендеп, жаңа бағыттарды ашуға мүмкіндік туады. Бастама аясында арнайы білім беру академиясын құру да көзделген.

«Жоба аясында «Almaty Tau Academy» құруды жоспарлап отырмыз. Мұнда жаңадан шаңғы тебуді үйренетіндерге арналған арнайы трассалар мен оқу мектебі болады. Сондай-ақ мектеп оқушыларына аптасына бір рет шаңғы тебу сабағын ұйымдастыру көзделген. Бұл – Швейцария мен Австриядағы таулы курорттарда қолданылатын тәжірибеге ұқсас бастама», – деді  «Almaty Tau Management» ЖШС баспасөз хатшысы 

Жобада туризммен қатар спорттық инфрақұрылымды дамыту, қоғамдық көлік қатынасын жақсарту, жеке көліктердің тау аймақтарына кіруін азайту жоспарланған. Мұнымен қоса, жаяу жүргіншілер жолдарын абаттандыруға, бағыт-бағдар көрсететін белгілер орнатуға және кемпинг аймақтарын дамытуға да мән беріліп отыр. Қозғалысы шектеулі азаматтардың қажеттіліктері де ескеріледі. Бұдан бөлек, келушілерге таудың табиғатын, тарихы мен мәдениетін қауіпсіз әрі мазмұнды таныстыратын гидтер бірыңғай стандарт бойынша даярланбақ. 

«Демалысқа арналған серуендеу аймақтарын дамыту да қарастырылған. Сонымен қатар жаяу тауға шығу бағыттары мен жыл бойы қолжетімді белсенді демалыс түрін көбейту көзделіп отыр. Осылайша, қала тұрғындары таудың мүмкіндіктерін тек қыс мезгілінде ғана емес, жылдың төрт мезгілінде де пайдалана алады. Әрі бұл мүмкіндіктер тек кәсіби спортшыларға ғана емес, баршаға қолжетімді болады», – деді Сәулет Құсайынова.

Оқи отырыңыз: Тау туризміне жаңа серпін: Алматыда жаңа аспалы жолдар мен шаңғы трассалары іске қосылады

Толық көрсету