Наурызбай ауданында орналасқан базаның аумағы 2 гектарды құрайды
«Алматы Тазалық» коммуналдық кәсіпорнының базасы жаңартылды. Аумақ абаттандырылып, инфрақұрылым жаңғыртылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ қыс мезгілінде жолдарға себілетін тайғаққа қарсы материалдарды сақтауға арналған алаңдар әзірленді. Қала әкімі Дархан Сатыбалды нысанның жұмысымен және коммуналдық қызмет мамандарына жасалған еңбек жағдайымен танысты.
Наурызбай ауданында орналасқан базаның аумағы 2 гектарды құрайды. Мұнда 352 адам еңбек етеді. Кәсіпорын аумағында 66 арнайы техника бар. Оның 14-і – бірнеше қызметті қатар атқаратын жол машиналары. Шаһар әкімі еңбек жағдайын жақсарту коммуналдық қызмет сапасын арттырудың маңызды шарттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының Алматыда тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын еске салды. Кездесуде көшелерді тазалау жұмыстарын ұйымдастыру және мегаполистегі тәртіпті сақтау мәселелері де талқыланды.
«Қысқа дайындықты жан-жақты әрі тыңғылықты жүргізіп жатырмыз. Біріншіден, барлық учаске басшыларымен қысқы тазалық жұмыстарына қатысты сабақ өткіздік. Екіншіден, тайғаққа қарсы материалдардың қорын дайындадық. Бұрын жол тазалайтын жұмысшыларды сырттан келісімшарт арқылы тартатынбыз. Қазір бұған қажеттілік жоқ. Кәсіпорында көгалдандыру және көше-жол желісін күтіп ұстау бөлімдері бар. Қыс мезгілінде көгалдандыру жұмыстары азаятындықтан, сол бөлімнің қызметкерлері жолдарды тазалауға жұмылдырылад», – деді «Алматы Тазалық» ШЖҚ МКК бас инженері Александр Кин.
Кәсіпорында арнайы техникалардың әзірлігіне баса назар аударылған. Қазір мекеменің көлік паркінде олардың саны мыңнан асады. 830-ы қыс мезгілінде тазалық жұмыстарын жүргізуге арналған. Ал 190-ға жуық техника жазғы маусымда пайдаланылады. Биыл алдағы қысқы маусымда коммуналдық қызметтердің мүмкіндігін арттыру үшін қосымша 200 арнайы техника сатып алу жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз: Алматыда қонақ үй инфрақұрылымын дамыту мәселесі талқыланды