Алматылық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері кәсіби мереке қарсаңында марапатқа ие болды
Алматылық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері кәсіби мереке қарсаңында марапатқа ие болды. Салтанатты іс-шараға журналистер, редакторлар, блогерлер мен мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Марапаттау рәсімінде қалалық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары сала мамандарын құттықтап, қоғам үшін атқарып жатқан қызметі үшін алғысын айтты.
«Журналистермен, бұқаралық ақпарат қызметкерлерімен тыңғылықты жұмыс атқарамыз. Алматы қаласындағы жаңа бастамаларды осы халыққа, қала тұрғындарына жеткізуде журналистердің рөлі ерекше», – деді Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дастан Шерехан.
Сондай-ақ іс-шара барысында Алматының өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған байқау жеңімпаздары марапатталды. 15 номинация бойынша жарияланған жарысқа 128 өтініш түскен. Жүзден жүйрік шыққандарға ақшалай сертификаттар табысталды. Кіл мықтының арасынан «Алматы» телеарнасының жүргізушісі Олжас Омарбек суырылып шықты. Оның қала аудандарының тыныс-тіршілігі туралы репортажы үздік деп танылған. Одан бөлек, қала жайлы үздік тақырыптық бағдарлама ретінде біздің арна ұсынған «Архитектор» бағдарламасы таңдалыпты.
Шаһар туралы үздік бейне-контент номинациясы бойынша «Алматы» арнасының арнайы жобалар бөлімінің редакторы Меруерт Төленова жеңімпаз атанды.
«Конкурс басталғанда талаптарын ескеріп, жобаны жіберген болатынбыз. Шүкір, нәтижесі жаман емес. Қуаныштымын! Бұл менің ғана емес, кадр сыртындағы әріптестерімнің еңбегі, солардың маңдай тері ақталды деп ойлаймын», – деді Almaty TV жаңалықтар жүргізушісі Олжас Омарбек.
Оқи отырыңыз: Биыл алғаш рет өңірлік журналистерге де пәтер кілті табысталады - Мемлекет басшысы