Мамандар аудан тұрғындарымен кездесіп, алдағы өзгерістер туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді
Алматының туристік әлеуетін арттыру мақсатында әуежай маңындағы Шығыс шығанағын абаттандыру жобасы қолға алынды. Жоба бойынша мұнда бір, екі және үш қабатты ғимараттар бой көтереді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сонымен қатар, балалар ойын алаңы, этномұражай, автомобиль музейі, мейрамханалар мен дүкендер ашу жоспарланған. Қоғамдық кеңістіктер де қарастырылған. Негізгі мақсат – транзиттік жолаушылар мен қала қонақтарына әуежайдан алысқа ұзамай, уақыттарын жайлы әрі қауіпсіз өткізуге мүмкіндік жасау. Мамандар аудан тұрғындарымен кездесіп, алдағы өзгерістер туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
«Инвестормен әуежай маңындағы аумақты, яғни Түрксіб ауданын дамыту жөнінде келіссөз жүргіздік. Өйткені, қалаға келген шетелдік турист ең алдымен әуежай маңындағы аумақтың абаттандырылуына, инфрақұрылымына назар аударады. Бұл жоба қаланың имиджін жақсартуға септігін тигізеді. Сондай-ақ транзиттік жолаушылардың қалада уақыт өткізіп, қызметтерді пайдалануына және жергілікті экономикаға үлес қосуына мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді «Алматы инвест» инвестиция тарту орталығы төрағасының орынбасары Нариман Ибрагимов.
Ал көлдің өзін абаттандыру жұмыстары жеке жоба аясында жүргізіліп жатыр. Оған Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы мен Экология басқармасы жауапты. Қазір су айдыны босатылып, аумақты ретке келтіру жұмыстары қолға алынған. Жоба жүзеге асса, аудан тұрғындары үшін жаңа демалыс орны пайда болады.
«Жоба бойынша бір, екі және үш қабатты ғимараттар салынады. Әуежайдың ұшу-қону аймағына жақын орналасқандықтан, биік ғимараттар салу жоспарланбаған. Сонымен қатар үлкен балалар ойын алаңы, екі музей ашылады. Оның бірі этномәдениетке арналса, екіншісі автомобиль музейі болады. Бұдан бөлек, қоғамдық кеңістіктер, мейрамханалар мен дүкендер қарастырылған. Мұның бәрі қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз әрі жайлы демалуына мүмкіндік береді», – деді «Алматыбасжоспар» ЖШС бас операциялық директоры Амангелді Саттаров.
Оқи отырыңыз: Алматы халықаралық саяхатшыларды несімен қызықтырады