Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы мәлімдеді. Ол жоғары жетістіктер спортын дамытуға және кәсіби спортшыларды даярлау үшін тең жағдай жасауға бағытталған қолдау шаралары жөнінде баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.
2022 жылдан бері Алматыда Спорт басқармасына қарасты барлық ұйымды спорт жабдықтарымен қамтитын жүйелі бағдарлама жүзеге аса бастаған.
Спикердің айтуынша, былтыр осыған 1 млрд теңге бөлініпті. Соның арқасында спорт мектептері, даярлау орталықтары мен өзге мекемелер халықаралық стандарттар мен жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлау талабына сай келетін спорттық құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ, меценаттар мен демеушілердің үлесіне ерекше назар аударылды. 2025 жылы бизнес өкілдерінің қолдауының арқасында алматылық спортшыларға шамамен 400 млн теңге көлемінде қосымша көмек көрсетілді.
Алматыда жоғары жетістіктер спортын жүйелі қолдау қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы аясында қолға алынған. Оның бастамалары мен спорт саласының дамуына ерекше көңіл бөлуінің арқасында мегаполисте халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлауға қажетті жағдайлар жасалып, мемлекет пен әлеуметтік жауапты бизнес арасындағы өзара іс-қимыл нығая түскен.
«Бизнес өкілдерінің бұған бей-жай қарай алмай, спортты дамытуға белсене түрде атсалысып, спортшыларымызды қолдап, жаңа жеңіске жетуге ынталандырып, үлес қосып жатқаны қуантады», – дейді Дархан Нұрханұлы.
Спорт басқармасы басшысының айтуынша, мемлекет пен жеке сектор арасындағы ынтымақтастық жоғары жетістіктер спортын дамытуда маңызды факторға айналды. Бюджет қаржысы мен бюджеттен тыс қолдаудың үйлесуі спортшылардың дайындық деңгейін арттыруға ғана емес, болашақтағы халықаралық жетістіктерге берік негіз қалауға мүмкіндік беріп отыр.
Баспасөз конференциясының қорытындысында Алматыда спортшылар мен спорт ұйымдарын қолдау алдағы уақытта да кеңейе түсетіні, әлеуметтік жауапты бизнесті осы іске тарту қаланың Спорт басқармасының негізгі бағыттарының бірі болып қала беретіндігін атап өтті.