2026 жылы Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалдының бастамалары мен тапсырмалары аясында бұқаралық, инклюзивті және заманауи спортты дамытуға бағытталған бірқатар жаңа жобаларды іске асыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Спорт – достық алаңы» жобасы барлық ауданда кең ауқымда іске асып, тұрғындар мен қала қонақтарының белсенді түрде қатысуын қамтамасыз етпек. Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде осылай деп хабарлады.
Наурыз айынан бастап Almaty Marathon жобасымен бірлесіп «ACTIVE CITY HUB» бастамасы іске қосылып, әр жексенбі күні сағат 08:00-ден 12:00-ге дейін танымал тұлғалар мен фитнес жаттықтырушылары қатысатын шебердің сағаты мен шағын іс-шаралар өтпек.
«Бұл іс-шараларға 10 мыңнан астам қала тұрғыны қатысады деп отырмыз», – деді Дархан Нұрханұлы.
Сонымен қатар, Қазақстанның шоу-бизнес жұлдыздары қатысатын Media Basket баскетбол медиа-лигасы да басталады. Жоба баскетболды кеңінен насихаттауға, сондай-ақ спорт, мәдениет және медиа арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Маңызды бастамалардың қатарында «BLAST PREMIER BOUNTY ALMATY» атты киберспорт турнирін өткізу де бар. Қазіргі уақытта турнирдің өтетін күні мен орны анықталған.
«Бұл іс-шара қаланың киберспорт картасында маңызды орын алып, ойыншылар мен көрермендердің назарын аударады», – деді Спорт басқармасының басшысы.
2026 жылы ерекше қажеттілігі бар балаларды спортқа тартуға ерекше көңіл бөлінеді. Арнайы білім беруге мұқтаж балалардың оңалуы, әлеуметтік бейімделуі мен спортқа қатысуына бағытталған балалардың паралимпиадалық спортын дамыту бағдарламасы да әзірленіп жатыр.
Гарвард пен Оксфорд университеті қатысатын Дүниежүзілік шахмат универсиадасын өткізу, 20 елден спортшылар қатысатын әуесқойлар арасындағы велоспорттан әлем чемпионатын ұйымдастыру, сондай-ақ студенттік лиганы колледждер лигасына кеңейтіп, шамамен 88 колледж бен 7 мың студентті қамту жағы да қаланың жоспарына кірген.
«Біздің мақсатымыз – спортты қала тұрғындарының барлығы үшін қолжетімді, қызықты ету. Әрбір алматылық дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік алуы керек», – деп сөзін қорытындылады Дархан Нұрханұлы.