Алматы америкалық беделді басылымның гастрономиялық бағыттар тізіміне енді

13.07.2026 14:11
Depositphotos.com

Қазақстанның ең ірі қаласы әрі бұрынғы астанасы Алматы Орталық Азиядағы басты гастрономиялық бағыттардың бірі ретінде танылды. Американың беделді Eater басылымы қаланы 2026 жылға арналған «Where to Eat» – тағамсүйер қауым міндетті түрде баруы тиіс бағыттар тізіміне енгізді. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасының өкілдері хабарлады, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Eater – мейрамханалар мен гастрономия туралы әлемдегі ең ықпалды басылымдардың бірі. Оның тізіміне ену қаланың халықаралық танымалдылығын арттырып, гастрономиялық туризмнің дамуына оң ықпал етеді.

Басылымның бағалауынша, соңғы жылдары Алматы өңірдің маңызды аспаздық орталығына айналды. Мұнда Орталық Азияның түкпір-түкпірінен келген бас аспаздардың басын қосқан алғашқы Almaty Food Fest фестивалі өтті және қаланың алғашқы ресми гастрономиялық гиді жарық көрді. Алматының тағам мәдениеті көшпелі қазақ дәстүрлерін ұйғыр, орыс, өзбек, корей, түрік және үнді аспаздық өнерімен үйлестіре білген. Ет, қазы, самса, бауырсақ пен лағман сияқты ұлттық тағамдар осы мәдени алуандықтың жарқын көрінісі саналады. Дәстүрлі дәмдерді әлі де Көк базардан табуға болады, ал нео-көшпелі бағыттағы мейрамханалар оларды заманауи үлгіде ұсынады.

Eater Алматыдағы шай ішу мәдениетіне де ерекше тоқталған. Басылымның жазуынша, қала дастарханында шәйнек әрдайым төрде тұрады. Сондай-ақ, туристерге сәбіз қосылған палау мен қазының дәмін татып көруге кеңес береді. Бұған қоса, жергілікті тағамдарды ұсынатын мейрамханалар желісінің көптігі саяхатшылардың қазақ асханасымен оңай танысуына мүмкіндік беретіні айтылған.

Оқи отырыңыз:  Алматы колледждеріне 8 мыңнан астам өтініш түсті