Алматыда Наурыз қарсаңында жеңілдіктер науқаны қызу жүріп жатыр

19.03.2026 09:01
пресс-служба акима Алматы

Алматыда Наурыз мерекесіне орай «Nauryz Sale» атты ауқымды мерекелік науқан жүріп жатыр. 2026 жылы 13-23 наурыз аралығында қала тұрғындары мен қонақтары мегаполистегі ірі сауда орындарынан азық-түлік пен түрлі тауарларды 10-30% жеңілдікпен сатып ала алады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, акцияға ірі супермаркеттер және танымал сауда-ойын-сауық орталықтары қатысып отыр. 

Бұл бастама отандық өндірушілерді қолдауға, ішкі сауданы дамытуға және ел көлемінде мерекелік көңіл күй қалыптастыруға бағытталған республикалық бағдарлама аясында қолға алынған. 

Алматылықтар акцияға оң баға беріп отыр. Тұрғындардың айтуынша, ұсынылған жеңілдіктер күнделікті шығынды азайтып, мерекеге қамдануға қолайлы жағдай жасайды. Көпшілік мұндай науқандар мереке қарсаңында ғана емес, басқа кезде де жиі ұйымдастырылса дейді.

«Наурыз қарсаңында қажетті заттарды жеңілдікпен алу — үлкен мүмкіндік. Осындай акциялар отбасылық бюджетке едәуір көмек. Осындай жеңілдіктер жиі өткізілсе екен. Ал сауда орталықтарындағы безендірулер ерекше мерекелік көңіл күй сыйлайды», — дейді алматылық Әйгерім.

Қала тұрғындарының пікірінше, «Nauryz Sale» тиімді сауда ғана емес, сонымен қатар ерекше әсер сыйлайтын мерекелік іс-шараға айналған. Сауда орталықтарында жәрмеңкелер, концерттер, ұлттық нақыштағы фотоаймақтар, интерактивті алаңдар, шебердің сабақтары мен түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылған. 

Негізгі мәдени іс-шаралар 20-23 наурыз аралығында өтеді. Дегенмен, қазірдің өзінде қалада мерекелік көңіл күй сезіледі.

Оқи отырыңыз: Алматыда Ұлттық киім күніне орай сән көрсетілімдері өтті